Home / Ғибратнама / Жетістікке жетудің 10 амалы

Жетістікке жетудің 10 амалы

Жетістікке жетудің 10 амалы

Қазіргі заманауи қоғамда жасөспірімдер де, орта буын өкілдері мен қартайған кәрісі де дүниенің тұтқасынан ұстап, жалғанды жалпағынан басып, белді де белсенді болуды, алдыңғы қатардан ғана көрінуді аңсап, армандайды. Бақыттың кілтін іздеп, жер шарлайды. Бала күнімізде ертегілерден естіп өскендей, «бай болып, мұратына жетіпті» деген аңсаған армандағы кейіпкер болу, әрқайсымыздың қолымыздан келеді екен.

Иә, иә, дәл солай. Жетістікке жету өз қолымызда. Ол қиын да емес, күнделікті қағидамызға келесі 10 амалды енгізсек жетіп жатыр:

1. Өзгелерге көмек қолын созу. Өзгелерге көмектесудің екі түрі болады екен: өзгенің қайғысын жеңілдету және жақсылыққа ұмтылып, жетістікке жетуіне көмектесу. Мүмкіндігімізше, біз адамдарға (тек жақын тума-туыстарға ғана емес), олардың психологиялық, әлеуметтік, дене және діни мәселелерін шешуге көмектесуіміз қажет, яғни олардың уайым-қайғысы, мазалаған сұрақтары болса, жауап іздеп, жеңілдетуге тырысқанымыз жөн. Жақсы сөз жарым ырыс дейді атам қазақ. Сондай-ақ осы аталған өміріміздің төрт саласында жетістікке жетуіне қолғабыс тигізуіміз қажет.

Алайда, біздің көмегіміз өзгеге тиімді болуы үшін, әрине бізге де біліктілік шарты қойылады. Яғни, «артық қылам деп, тыртық қылмас үшін», алдымен өзіміз жеке тұлға ретінде, рухани дамуымыз қажет, ілім игеруіміз шарт. Өзгеге көмектесу ғана біздің несібемізді толтырады, күнәларымызды азайтады. Өзгелерге көмектесе жүріп, біз сауаппен бірге, өз өмірімізге жетістікті тартамыз. Өйткені Жаратушы еселеп қайтарушы. Не ексең, соны орасың. Жетістіктің құпиясының бірі – бұл даналықтың дәнін себу, иманның нұрын шашу, діни көмек, яғни өзінің шынайы табиғатын ұмытып бара жатқан адамзат үшін ең пайдалы ісіміз болар еді.

2. Үлкендерге көмектесу. Жетістіктің бұл құпиясы бірінші тармақты кеңейтетін, оның жалғасы іспеттес. Мұның да маңыздылығы жоғары болғандықтан, нақтылай кетелік. Үлкендерге көмектесудің өзін үшке бөліп алсақ болады: бұл алдымен ата-анамызға көмек, ұстаздарға көмек және өзімізден жасы үлкен басқа да адамдарға көмек. Ата-анаға көмек көрсетумен қатар, олардың ақылына үнемі құлақ салу қажет. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

Сондай-ақ, білім берген жандарға көмектесу қажет, әсіресе рухани ұстаздарымызға. Ал оларды құрметтеу және бөлек өз алдына үлкен мәселе.

Жасы үлкенге көмек беру де сіз үшін маңызды, үлкендер егер дұрыс емес пікірде болса, оларға дөрекілік көрсетіп, қатаң сөйлеуден, ақыл үйретуден аулақ болған жөн. Үлкен адамның қатесін түзетуде мұқият болып, құрметпен қарап, оңтайлы сәтте ғана жұмсақ жеткізген жөн.

3. Қайырымдылық. Бұл шын мәнісіндегі аса мұқтаж адамдарға моральды да, материалды да көмек көрсету. Ағаш отырғызу, құдық қазу, медициналық жәрдем көрсету, қараңғы қоғамдық орындарға жарық жүргізу, аш адамдарды тамақтандыру, баспана тауып беру, білім алуына жол ашу, қажетті жолдарды салу, азықпен бөлісу, қажетті нәрселерді тарату – мұның бәрі де сайып келгенде қайырымдылық шаралары. Қайырымдылық – жетістіктің ең үлкен сыры.

4. Қонақты жақсы қарсы алу. Халқымыз үйге келген қонақты Құдайы қонақ деп күткен. Келген қонағымыз үйге он сауап әкеледі деп күткен. Ыстықта шөлдеп келгенді сусынға қандырып, ашты – тамақтандырып, шаршағанды – тынықтырып жіберу, бұл біздің ежелден қалған қонаққа көрсететін ілтипатымыз. Бұл дәстүрсіз, ілгері қадам басуымыз мүмкін емес.

5. Тазалықты ұстау. Сыртқы тазалық – жеке басымыз, киім-кешек, үйімізді таза ұстау. Дәретті болу, таза киіну және ақ-адал ас ішу. Бұл да маңызды, жетістіктің сыры. Ал ішкі тазалық, ниетіміздің ақтығы, жақсы амалдар мен күнәнің жоқтығы. Ішкі тазарудың ең үлкен құпиясы – бұл үнемі Алланы еске алу. Адамзат қажылықтан, сондай-ақ діни сауатты ұстаз-данагөйлермен пікір алмасу, сөйлесу арқылы өз өрісін кеңейтіп, тазара түседі.

6. Мерекелерді тойлау. Жалпы мерекелерді үшке бөлуге болады: отбасылық, қоғамдық және діни. Міне осы мейрамдардың бәрін де өз деңгейінде ұйымдастырып, сараңдық танытпай, жақсы өткізу, сыйлық беру де сауапты іс. Әсіресе діни мейрамдар – тазалық атмосферасын ұлғайтады, діни қуаттылығымызды нығайтады. Ал кез келген жетістік осындай қуаттылық пен жақсы аураға байланысты болатыны сөзсіз.

7. Тәртіп сақтау. Тәртіптің де үш түрін атауға болады: дене, діни және әлеуметтік. Дене тәртібі бұл жеке басымыздың күн тәртібін, тамақтану режімін сақтау, ораза тұту. Діни тәртіп –дінге бет бұрып діни тәжірибемізді дамыту, намаз оқу, әдепті үйрену. Әлеуметтік тәртіп – қоғамда қабылданған жалпы ережелер мен қағидаларға бағыну.

8. Қоршаған ортаны қорғау. Әлемде жаратылған әр жәндік пен жануар, өсімдіктердің әрқайсысының атқаратын маңызды рөлі бар. Яғни қоршаған ортамызға күтіммен, қорғай қарау парызымызды ұмытпасақ, олардың да бізге берері мол екен.

9. Ұрпақ жалғастыру. Бұл әрине адамзат үшін заңдылық, алайда ұрпақ жалғастыру келесі шарттармен ғана орындалуы қажет: 1) балалар заңды, ақ неке нәтижесінде ғана дүниеге келуі керек. 2) сәйкесінше ата-ананың қамқорлығы мен махаббатын толық отбасында алуы, тәрбие алуы қажет. 3) балалардың «аяқтанып», отбасын құруына көмектесу қажет. 4) діни сауатын ашып, ілім алуына жол ашу керек. Осы талаптарды орындамай, ата-аналық құқығымызды міндетсінбеуіміз керек. Жақсы тәрбие ғана жемісін әкеледі.

10. Жақсы әдет пен әдеп. Бұл әрине, сыпайылық, адалдық, шыншылдық, қайырымдылық, сабырлылық, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқару, сыйластық, көркем мінез жиынтығы, үйде де, түзе де үлгілі бола білу.

Мұның бәрін бір ауыз сөзбен имандылық деп те атауға болар еді. Міне еш қиындығы жоқ. Өміріміз тамаша, жақсылыққа толы болсын десек, осы ұсынған 10 тармақты күнделікті ұстанып көрелікші. Бірден үйрену қиынға соқса, күніне бір тармағына болса да үйренейік, сонда күн өткен сайын өзіміздің өзгергенімізді, өміріміздің жақсара түскеніне куә боламыз. Өзіміз жақсы жағына өзгерсек, айналамыз да тартылыс заңына сай өзгере салады емес пе.

Нұрлан САМАТҰЛЫ, Айсалқын НҰРСАЙЫНҚЫЗЫ,