Home / Ғибратнама / Құлшылық қабыл болу үшін жасалатын төрт амал

Құлшылық қабыл болу үшін жасалатын төрт амал

Бір дана кісі былай деген екен: «Адамның амалы дұрыс (қабыл) болу үшін төрт нәрсе қажет:

1) Білім. Яғни істі бастамас бұрын білімі болуы тиіс. Өйткені адамның жасаған амалы білімсіз орындалса дұрыс болмайды. Білімсіз орындалған істің пайдасынан көрі зардабы зорырақ.
2) Ниет. Амалын іске асырып жатқанда ниеті дұрыс болу керек. Себебі ниеті түзу болмаса амалы да дұрыс болмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниеттерге байланысты. Әркімнің ниеті қандай болса, табысы сол» деген. Намаз, ораза, зекет, қажылық тағы басқа да құлшылықтар дұрыс ниетпен ғана қабыл етіледі. Сондықтан құлшылық қабыл болу үшін міндетті түрде істі бастап жатқанда ниеті түзу болуы тиіс.
3) Сабырлық. Амалды байсалдылықпен жүзеге асыру үшін істің ортасында сабыр ете білу керек.
4) Ықылас. Істі бастағаннан кейін оны ықыласпен істеуі керек. Өйткені ықылассыз орындалған амал қабыл емес. Ал ықыласпен орындалса оны Алла қабыл етеді әрі адамдардың жүрегі оған қарай ауады.

Ия, істі бастамас бұрын ақ пен қараны, харам мен халалды ажыратып, сондай-ақ дәреттің, намаздың т.б. парыздарын, оларды қандай іс-әрекеттер бұзатынын біліп, сосын амалға кірісу қажет. Әйтпесе дәреті жоқтың намазы дұрыс болмағанындай, білімсіз орындалған құлшылық қалай қабыл болмақ. Іске кіріскенде ниеті дүниеге және басқа да өзінің бір пайдасына қол жеткізу мақсаты емес, керісінше Алла разылығы үшін болуы тиіс. Сонда құлшылығы дұрыс болады. Әрине әрбір істің өзіне жараса қиыншылығы болғанындай, құлшылықтың да өзіне тән ауыртпашылығы бар. Оған сабыр ете білу керек. Болмаса ыстық күнге шыдай алмай, сабырсыздықтан ауызын ашып, оразасын бұзып жіберген адам тәрізді құлшылығы дұрыс болмай қалады. Соңынан ықыластылық танытып істеген ісін ұмытуы тиіс. Көпшіліктің арасында «мен осы тірлікті істедім» деп оның сауабын жойып алмау керек.

Бауыржан Әбдуәлі,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы