Home / Ғибратнама / Бай мен кедей туралы ғибратты оқиға

Бай мен кедей туралы ғибратты оқиға

Бір кісі өзінің әйелімен қуырылған тауықты жеп отырғанда, кенеттен есігін қағып қайыршы келеді. Күйеуі айқайлап оны қуып салады. Күндер өтіп бұл кісі кедейшілікке тап болып, тіпті әйелімен ажырасып кетеді. Ал әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығады. Бір күні әйел екінші некелескен күйеуімен бірге қуырылған тауықты жеп отырғанда, есігін қағып садақа сұраушы келеді. Үй иесі әйеліне: «мына тауықты оған бер» — дейді. Әйелі тауықты алып шыққанда, есіктің алдында тұрған адамды бірінші күйеуі екенін танып қалады. Оған тауықты береді де екінші күйеуіне жылап қайта оралады. Күйеуі әйелінен неге жылағанын сұрағанда, ол есіктің тұсында тұрған кісі бірінші күйеуі екенін әрі оның үйіне қайыр тілеп келген кісіні айқайлап қуып жіберген оқиғасын айтып береді. Сонда күйеуі: «Неге таң қаласың, Аллаға ант етейін! Сол сұраушы мен едім» деген екен.

Кедейлік келмей жатып байлықтың қадірін білейік ағайын.

Бауыржан Әбдуәлі,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі