Home / Ғибратнама / Ауыз ашар хақында

Ауыз ашар хақында

Ауыз ашар хақында

Рамазанның бірінші күні ауыз ашар дастарханын жаймақ болып, жеміс жидек саудасының ортасына бардық. Оразаның алғашқы күні екендігі, Ораза айының басталғаны туралы жалпы білетіндер саны жыл сайын көбейюде екен. Саудагерлер өрік пен мейіз, құрма мен жүзім және т.с.с жемістерінің ауызашар дастархандарына арнайы алынып, саудасының қызатын «маусымы» екендігіне, ал нәпақасын көлігімен адам тасымалдаумен тауып жүргендер, ауыз ашар мен тарауыққа асыққан елді тасып, ұйықтамай қызмет етіп, мейлінше жұмыс жасап, көп пайдаға кенелетін мүмкіндік туып тұрған маусым екенін айтып қуануда… Ал рухани жағы ше???

Ауызын бекіткен жандар саны көбейсе де, біздің қоғамда рухани жаңғыру әлі кенжелеп келе жатыр. Аузын ашса көмекейі көріне, Рамазанның мүмінге берер мүмкіндігі қандай екенін айтсаңшы, қанша разышылыққа кенеліп қалуға, қанша көп рухани пайда болатынын «құйып тұратындар» некен саяқ екен. Әлбетте аузын бекіткен әрбір жанның оразасы мен ниетін Алла Тағалам қабыл еткей деп тілейміз.

Аузын бекіткендердің басын қосып, жамағатқа ас беруге тырысып тұратын, дархан көңілі дария дос-туыстарымыз дастарханға дәмге шақыруда. Баршаның да ниеттерін Раббым қабыл етіп, сауаптан жазғай. Осы ауызашар дастархандарына, әже-аналарымыз, әпке-қарындастарымыз тәулік бойы дайындалып, үстелінің белін майыстырғанша тағамның түр-түрін жарыса қоюды әдетке айналдырған. Әлбетте қонағын құдайындай сыйлайтын қазағымның қолы әрқашан кең. Күні бойы аш құрсақ боп жүрген адам, мұндай дастарханда тамақтан бас алмай, әңгіме-дүкен құрып сәресіне дейін отыратын ауызашарлар болады екен. Кей дастарханнан қарның ғана тойып, алып-қашпа әңгіме ғана тыңдап, рухани «аш» қайтатын сәттер де болады. Ауыз аштыруға ниеттенген адам, жарты құрма берсе де, нендей үлкен сауап десеңізші. Әрі ауыз ашар дастарханы тарауыққа дейін ғана тез өтіп, әрі рухани кеш боп өтсе екен деген ғана ниет қой. Өйткені ауыз ашарға алғашқы оразасын ұстап келетін, немесе ораза тұтпаған ағайын да келеді. Ғаламтордан жалпы ашығу пайдалы екен, жақсы жағы бар екен деген жалпылама хабарымен ғана ораза тұтып бастаған, ал Рамазанның шынайы қадір-қасиетін, берер сансыз мүмкіндіктерін білмей де, естімей де жатқан қаншамыз бар ортамызда. Міне солардың баршасы көркем әдеппен, ислам әдебімен Алланың разышылғын алу, мол сауабы туралы шынайы дін жанашырларынан бір ауыз болса да уағыз тыңдап, рухани жаңарып қайтса, нендей қуаныш! Әсіресе мұндай қуанышты рухани тоқтықты мешітке келгенде ғана, әрі ауыз ашарға ұстаздар келген күні әсіре сезініп қайтамыз. Ағайынға деген үндеу-тілегіміз, ауыз ашар дастархандарының мәзірінен гөрі, рухани жағын ескерсек, оразамыздың өз деңгейінде ұстауға тырыссақ нұр үстіне нұр .

Күні бойы тағам түспеген асқазанның тоя тамақ ішуі денсаулыққа да пайда бермесі анық. Қарны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын деп бір ауыз сөзбен ұлы Абай түйіндеді емес пе? Шындығында тоқтық пен

баршылықтан, тоқырауға ұшырайтынымз рас. Ал Рамазан сондай бір ай, баршамызды теңестіріп, күндіз аш құрсақ боп, ал түнде ұйқыдан гөрі құлшылыққа арнап, өзіміздің нәпсімізді тыйып, ойымыз бен жүрегімзді тазалап, жақсы жағына өзгеруге тырысатын ай. Жаман әдеттен тыйылмасақ, өзімізді тәрбиелеуге ұмтылмасақ, әлбетте Жаратушыға біздің күні бойғы ашыққанымыздың қажеті жоқ. Жан дүниемізді тазартып, оразаның шынайы мәнін ұғынып ауыз бекіткенге не жетсін.

Айсалқын НҰРСАЙЫНҚЫЗЫ