Home / Мақалалар / Уағыз-насихат — ақыл айту емес

Уағыз-насихат — ақыл айту емес

Мынандай бір жағдайдың  куәсі болдық. Таныс кісілер атасының қайтқан күніне арнап мейрамханада арнайы ас берді. Әрине оған атасының көзін көрген достары, замандастары, әріптестері,  жақын ағайын бауырлары да шақырылды.

Ас берілген жерде мешіт имамының да болары сөзсіз. Дегенмен, ас беру шарасы көпшіліктің еске алу жақсы сөздері, жыр-термемен, тіпті кейбір кісілердің мән-мағынасы жоқ көп сөзімен жалғасты.

Айтпағым бұл емес. Сөз кезегі имамға келгенде имам уағыз айтып, көпшілікке Ислам дінінің артықшылығын, діннің құндылығын жеткізу мақсатында насихатын жеткізді. Осы арада имаммен бірге отырған бірнеше үлкен кісілердің «Балам құраныңды оқы болды, ақыл айтпа бізге» деген сөздері естілді.

Бүгінгі таңда біз үлкен кісілердің тарапынан арасында болса да осындай сөздерді естіп қалатынымыз ақиқат. Немесе тек Құран оқу керектігін имамға ескертіп қоятындары да кездеседі.

Имамды тек Құран оқу үшін ғана шақыратыны білініп тұрады. Ал, үлкен кісілер уағыз айтуды ақыл үйретіп отыр деп түсінеді.

Уағыз – насихат – ақыл айту емес. Алла тағаланы еске алу орын, уақыт, жағдай таңдамайды.

Осындай жиындарда тек ішіп – жеу, бос әңгімелер айту Алла тағала да, пайғамбарымыз да (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көрмейтін істер қатарында.

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құлым мен туралы қандай ойда болса, менде оған солай қараймын, құлым мені есіне алып, Маған мадақ айтып ұлықтаса, Мен онымен біргемін. Егер ол мені іштей еске алса, Мадақ айтса, Менде оны солай есіме аламын.Ал, егер Мені көпшіліктің ортасында есіне алып, Мадақ айтып ұлықтаса, Мен оны оданда хайырлы көпшіліктің арасында есімін мақтан тұтамын» — деген.

Және бір хадисте пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Алла тағаланың назарында әрі абзал әрі таза, дәрежелеріңді көтеретін, алтын мен күмісті жаратудан артық, тіпті жауларыңмен бетпе-бет тұрып, олардың бастарын шабу, не болмаса сол жолда жан тапсырудан да артық болған амалды айтайын ба?» — деп сұрағанда, сахабалар: «Әрине, айтыңыз» дегенде,  әз елші: «Алла Тағаланы зікір ету» — деп, бұйырған екен.

Осы хадистерден біз Алланы еске алудың, насихат етудің маңыздылығын ұғынамыз.

Ал, имамдардың осы сауапты әрекетін ақыл айтуға санайтын болсақ, ұрпаққа берілер өнегеден құр қаламыз. Себебі, дін – тәрбие құралы, имандылықтың қайнар көзі.

Пайғамбарымыздың «Дін деген – ол насихат» дегенін ескерсек, мұндай насихаттың, уағыздың көпшілікке берер рухани байлығы мен иманының күшеюіне қосар үлесі зор.

Сондай-ақ, насихат айту, Алланы еске алу Құранда мүміндердің бір қасиеті ретінде сипатталған. Яғни,

«Еске сал, бəлкім, еске салғаның мүминдерге пайдасын тигізер» деген.

Олай болса, насихат айтудың пайдасын ұғынып, әрдайым Алланы зікір етіп, жиындарда сүбелі сөз, әсерлі уағыз тыңдаудан жалықпайық.