Home / Мақалалар / Табысты кәсіптің 6 түрлі алтын қағидасы

Табысты кәсіптің 6 түрлі алтын қағидасы

Қоғамда жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген кейбір жандардың айы оңынан туып тұрса, ал кейбіреулер кәсібін шырқ үйіріп әкете алмай жүргенін, біреудің асығы алшысынан түсіп жатса, баз біреулердің сағы сынып жатқанын көреміз. Табысқа жетелер жол бар ма? Жолы болғыш жандардың өзге адамдардан еш айырмашылығы жоқ болғанымен, оларды өзгелерден ерек етіп тұратын бірнеше қасиеттер бар. Ол қасиеттерге тоқталмас бұрын табысты болу дегеннің не екенін қарастырып көрейік. Дүниелік қажеттілігіне қолы жеткен соң, ақыреттік азығы мен аманатын ұмыт қалдырған адамды табысты деуге келе ме? Шындығында, табыс түсінігі біржақты ұғым емес әрі ол өлшенбейді. Адам баласы түпкі мақсаты- ақыреті екенін саналы түрде ұғынып, амал еткенде ғана шынайы табысқа қол жеткізеді. Алланың разылығын ысырып, бақытты болмақ болсақ, онда нағыз құрдымға кеткеніміз.

Сондай- ақ, табыс түсінігі адам өмірінің барлық саласына қатысты екенін естен шығармаған жөн. Табысты кәсіп – өмірдің бір бөлшегі ғана. Табысқа кенелу үшін адамның бойынан табылуы қажет 6 түрлі алтын қағидаға тоқталайық:

 №1 қағида

Әуелі, құлшылықтың түгелдігі

Нағыз табысқа қол жеткізу үшін ең әуелі, адам баласы бойындағы имани құндылықтарын сақтап қалуы тиіс. Кәсібіміз я болмаса өзге де дүниелік қажеттіліктер Алланың парыз еткен амалдарынан тосып қалмауы керек. Мәселен, намазды қаза ету, жұма уағыздарынан кеш қалу секілді әдеттер шүкірсіздігіміздің көрінісі. Расында, біз шүкіршілік еткен сайын Хақ Тағала ризығымызды арттыра түспек.

«…Өздерін сауда-саттық; Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар, жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады» ( «Нұр» сүресі, 37- аят)

Әлемдердің Раббысының алдындағы құлшылығымыз түгел болса, кәсібіміз несібелі де берекетті болып, иманымызды қуаттай түсері анық.

№ 2 қағида

Тәуекел ету 

Адам істейтін ісінің нәтижесін біле бермейді. Сол себепті, әрбір ісінде Құдіретті Алла Тағалаға тәуекел етеді. Алла Тағала «Ибраһим» сүресінің 11-аятында: «Мүміндер Аллаға ғана тәуекел етсін», – деп әмір еткен. Демек, қателіктерден сабақ ала отырып, «тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас» демекші, адал жолмен еңбек етіп, ризығымызды іздеген кезде де тәуекелшіл болу қажет. Иманымыз кәміл, тәуекеліміз таң бозынан ұясынан аш ұшқан құс секілді болғанда ғана тосыннан жақсылыққа жолығамыз. Өйткені, біздің хәлімізді Алладан артық білуші жоқ.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», – делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді», – деген болатын. Иманмен тәуекел еткен құлын Алла жәрдемсіз, нәпақасыз қалдырмайды. Істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен, Ұлы Жаратушы пендесіне ырыс-несібесін нәсіп етеді.

№3 қағида

Еңбектен жалықпау

«Әрбір жалқау кісі- қорқақ» деген. Дегенмен де, адам баласы темірдей берік болғанымен, гүлдей нәзіктігі де бар. Адам да шаршайды, алайда шаршауымыз еріншектікке ұласар болса, адам жанын аздырып, затын тоздыратын кеселге айналуы ықтимал. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» деген нақыл сөз дәл айтылған. Сонымен қатар, сергектік пен спортпен шұғылдану, әр күні жаңа, тың дүниелерді үйрену «жалығу» деген ұғымды жоқ ететін себептер.

 

Егінді еккен кісі ғана орып, ырыздығын көретіні мәлім. Сол үшін де, асыл дініміз адамзатты еңбек етіп, адал кәсіппен айналысуға үгіттейді. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі құлшылық болып табылады. Алла Тағала кәсіп етудің маңыздылығын Құран Кәрімде:

«Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың», («Нәжім» сүресі, 39-42 аяттар) — деп дәріптейді.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кәсіп ету (адал) ‒ әр мұсылманға парыз: «(Адал) табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», — дейді. (Бұхари).

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр дайым Алладан  өзін жалқаулықтан, борыштанудан, күпірліктен, кедейліктен, сараңдықтан сақтауды тілеп, жалбарынатын. Әрі ол (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді. Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол ‒ берекелі іс. Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», — деп, өз маңдай терімен еңбектенуді насихат ететін.

 №4 қағида

Адалдық

Ислам діні мұсылмандардың дүние және ақырет үшін айналысар кәсібінің адал болуын талап етеді. Хақ Тағала жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының игілігі үшін жаратқан. Олай болса, оған ұмтылудың еш әбестігі жоқ. Алайда, шариғатымыз рұқсат еткен жолмен, өз табиғатымыз бен болмысымызға лайық кәсіппен айналысар болсақ, дәуір тудырған бәсекеге лайық азамат боларымыз анық. Яғни, қабылдайтын кез келген шешім мен жасалған келісім шарттарымыз шариғатқа қайшы келмеуі керек. Атап айтқанда, таразы мен өлшемде әділ болу, тауардың құнын жалған сөздермен көтермеу, қарызданған кісіге жеңілдік көрсету секілді сауда мәдениетін сақтау арқылы ардақты елшінің хадисінде сипатталған зиянға ұшыраушылардың қатарынан табылудан алыс боламыз.  Сонда ғана кәсібіміз адал, табысымыз толағай болмақ.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір мұсылманды алдаған, оған зиян тигізген немесе айла жасаған адам бізден емес», — деген (Бұхари). Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Саудада шындықтан, туралықтан бір сәт айырылмаған адам қиямет күнінде Пайғамбардың жанынан орын алып, солармен бірге болады», — деп ескертеді(Мүслім).

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сауданы адал жасаңдар, саудада береке бар, жалған ант ішу затты өткізеді, бірақ берекені жояды» (Термизи)— деп айтқан

№5 қағида

Уақытты тиімді пайдалану

Хазіреті Әли (ол кісіге Алла разы болсын): «Уақыт – қылыш, егер сен оны шаппайтын болсаң, ол сені шабады»,— деген екен. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақыт – Жаратушының еркіндегі мәселе. Сөзі мен ісі қабысқан мұсылман адам қашанда уақытын тиімді пайдалана біледі. Біле білсек, уақыт ол  — мүмкіндік. Ол мүмкіндікті қалай пайдаланамыз?

  • Пайдасыз істерден аулақ болу
  • Жоспармен жүру
  • Анық мақсатпен жүру
  • Күнделікті есеп беру
  • Уақытында демалу

    №6 қағида

    Сабырлы болу

    Алла Тағала Құранда: «Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой», («Бақара» сүресі, 155-аят) — дейді.

    Бұл аятта қорқыту, аштық, мал-жан, шаруашылықты кеміту секілді мұсылман баласының басына түсетін кейбір сынақтар сөз етілген. Алайда мұның баршасына сабырмен жауап берген және Аллаға деген сеніміне берік болған мұсылман ғана табысқа қол жеткізеді. Кәсіпкер болу үшін бұл пунктің алар орны ерекше. Тек кәсіпкерлік қана емес, кез келген салада қолға алған ісіміздің барлығы ойымыздағыдай бола бермейді. Сәтсіздіктер мен қиындықтар жолығары сөзсіз. Қандай жағдай орын алмаса да, қаймықпай, қарсы ала білгенде ғана тың күш, жаңа іліммен толыға түсеміз. Басымызға не келсе де, сабыр етіп, оның да Алланың берген рызығы екенін жадымызда ұстаған абзал.