Home / Мақалалар / Зубәйр ибн Әууәм

Зубәйр ибн Әууәм

Иман – мүминдердің өмір сәулесі. Ол мұсылмандарды жақсылық пен игілікке жетелейді. Өйткені ол – нұр. Өмір осы нұр арқылы ерекшеленіп тұрады. Сондықтан сахабалар иман нұрына бөленіп, Алла Тағаланың сүйікті елшісі Мұхаммедке (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнды. Оның дегенінен шықпады. Кәпірлер қаншама зорлық-зомбылық көрсетсе де, сабырлылық танытып, төзімділікпен жеңді. Қанша қиналса да олардың көрсеткен азаптарына шыдап, иман жолынан мүлде таймады. Осындай ерліктерінің арқасында Алла Тағала оларға көптеген нығметтер беріп, құпия әлемнің сырларын ашты. Осындай сахабалардың бірі – Зубәйр ибн Аууам (ол кісіге Алла разы болсын) еді. Ол 15 жасында әзіреті Әбу Бәкірдің дәнекерлігімен мұсылмандықты қабылдады. «Ашшара-мүбашшара» қатарынан орын алды. Яғни, жұмақпен сүйіншіленген сахабалардың бірі болды. Сүйікті пайғамбарымыз: «Әрбір пайғамбардың хауариі (жақын досы) болған. Менің хауариім Зубәйр» деген екен.

Меккелік кәпірлер Зубәйрге Ислам дінін қабылдағаны үшін зорлық-зомбылық көрсетеді. Сонда немере ағасы оны шиге орап өртейді. Зүбәйр бұдан бас тарпайтындығын айтып «өртесеңдер де кәпірлікке бармаймын және бұл Ислам жолыннан әсте бет бұрмаймын» деп ескертеді. Батыл да, батыр Зүбәйрдің шыдамдылығына таң қалған ағасы оны босатудан басқа амал таппайды. Пайғамбарымыз:

— Кім Курайза яхудилеріне барып хабар алып келеді? — деп сұрайды. Сонда Зүбәйр орнынан атып тұрып:

— Мен барамын. Уа, Алланың елшісі! — деп жауап береді.

Нәтижеде әлгі яхудилерге барып, жағдайларын біліп, пайғамбарымызға келіп хабар айтқанында, әз елші оған дән риза болып, Зубәйр менің хауариім деп ілтипат көрсетеді. Ислам діні алғаш тараған кездерде Мекке қаласында Мұхаммед пайғамбар қайтыс болды деген қауесет тарай бастайды. Мұны естіген Зубәйр өзі жас болса да, қылышын қолына алып, бұл хабар рас болса, онда құрайштық кәпірлердің біреуін қалдырмай құртамын деп, көше аралап шығады. Сөйтіп келе жатып пайғамбарымызға кезігіп қалады. Пайғамбарымыз кейпін көріп Зубәйрден мән-жайды сұрайды. Ол жағдайды түсіндіреді. Сонда пайғамбарымыз: «Ешқашан жақсылықтан, ізгіліктен айырылма. Қылышың әрдайым жеңіске жете берсін» — деп батасын береді. Осыдан кейін Зубәйр «Салли сайф» яғни, «қылышын суырған» деген атқа ие болады.

Зубәйрдің қияметке дейін Алла жолында қылыш ұстап соғысқандармен бірге сауап алатындығын Жәбрейіл періште пайғамбарымызға былайша хабарлайды: Алла Тағала саған сәлем жолдап былай бұйырды: «Зубәйрге сәлем айт. Оны сүйіншіле. Ол қиямет қайымға дейін Алла үшін қылышпен соғысқан әрбір мужаһидтің сауабындай сауап алады. Өйткені ол Алла жолында қылышын суырған алғашқы сахаба».

Ардақты пайғамбарымыз Талһа мен Зубәйр (Алла оларға разы болсын) жайында жиі айтатын. Екеуінің бір-біріне ұқсайтындығын, олардың ерекшеліктеріне тоқталатын. Бұл екі сахабаның жомарттығы мен адалдығын да сөз ететін.

Меккелік мүшріктердің арамдығынан жалыққан мұсылмандар Хабашистанға (Эфиопия) көшкен кезде топ ішінде Зубайр де болды. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бәдір соғысында Зүбәйрді әскердің оң жағына қолбасшы етіп сайлап: «Періштелердің белгілері болады. Сендер де өздеріңе белгі жасаңдар» деп бұйырады. Сонда Зубәйр басына сәлдені орап, майданға шығады. Кейіннен соғыстағы оқиғаны өзі былай деп әңгімелейді:

— Соғыста Убәйда ибн Саид деген кәпірмен кездесе түстім. Ол бастан аяқ сауыт киіп алыпты. Тек көздері ғана көрініп тұрды. «Мен Әбу Затулкәрішпін» (Бала кезінен бастап қарны үлкен болғандықтан осындай лақап қойылған екен) деп ұран салды да, маған қарай шабуыл жасады. Мен де қолымдағы найзаны көзіне сұғып алдым. Ол жерге құлай түсті де көп ұзамай жан тапсырды. Аяғыммен басын басып тұрып, найзамды суырып алдым.

Тағы бір деректе Зубәйр Бәдір мен Ұхұд соғысында өзінің батырлығымен алға шыкқан болатын. Ұхұд соғысы басталар алдында кәпірлердің бірі түйеге мініп, алаңға келіп, мұсылмандарға қарап: «Ер жүрек болсаңдар, алдыма шығыңдар!» деп айқайлайды. Ешкімнен үн шықпаған соң, екі рет тағы да қайталайды. Ақыры Зубәйр басына сәлдесін орап, майданға шығады. Бірден түйенің үстіне ыршып мініп әлгі кәпірдің тамағынан ұстап жерге құлатады. Кеудесіне мініп, басын кесіп алады. Сонда пайғамбарымыз: «Егер де Зубәйр шықпаса, мен шығуға дайын тұрған едім» дейді. Осы қызумен соғыс бірден басталып кетеді. Мүшріктердің садақшылары пайғамбарымызды дәлдеп, оқ жауғыза бастайды. Сахабалар да дереу Пайғамбарымызды қоршап алып кәпірлердің атқан оқтарына өз денелерін тосады. Зубәйр де пайғамбарымыздың қасында тұрып, атылған оқтарға қарсы пайғамбарымызды қорғайды. Жанын аямай соғысады. Соғыс аяқталған соң Мұхаммед қаза тапты деген жалған сөз майданда тарала бастайды. Хабарды естіген Зүбәйрдің анасы Сафия дереу Ұхұд майданына жөнеледі. Ол жерде Зубәйрді кездестіреді де: «Расулулла қайда?» — деп сұрайды. Ұлы Зүбәйр: «Құдайға шүкір, аман-есен анашым, қорықпаңыз» — деп жауап береді. Зубәйрдің жауабын естіген соң, көңілі орнына түсіп інісі әзіреті Хамзаны көргісі келгенін айтады. Сөйтіп ары қарай бара жатқанда пайғамбарымыз Зубәйрге: «Анаңды қайтар. Хамзаның денесін көрмесін» дейді. Зубәйр: «Анашым, Расулуллаһ сізге үйге қайтуыңызды бұйырды» — дейді. Сафия: «Егер Хамзаға істелген азапты көрмесін деген мақсатпен қайтарғалы тұрсаңдар, мен інімнің қандай ахуалда шаһид болғанын естіп қойғанмын. Хамзаның мұндай қиындыққа тап болуы Алла үшін ғой. Біз Алла жолында кез келген нәрсеге шыдаймыз және оған ризамыз» дейді. Зүбәйр мұны пайғамбарымызға жеткізгенде, Пайғамбарымыз: «Олай болса қоя беріңдер. Барып көрсін» дейді. Сафия інісі Хамзаның қасына барады да, жылай бастайды. Бұған шыдай алмай әз елші де қосыла жылайды.

Зубәйрдің Урма есімді ұлы: «Әкем Бәдір соғысында жарақаттанған-ды. Тіпті денесіндегі жарақаттары саусақтарым кіретіндей терең еді» деген. Зубәйр қашанда қайырымы мол батыл ержігіт еді. Ярмук соғысында мұсылмандардың жағдайы нашарлап бара жатқанда «Аллаһу Әкбар» деп ұран салып, жалғыз өзі дұшпандардың арасына кіріп, әскерді жарып өтіп, аман-есен қайтқан болатын.

Зубәйрдің пайғамбарымызға шеше жағынан, ал Хадиша анамызға әке жағынан туысқандығы бар. Ол мансапқа немесе атаққұмарлыққа қызықпайтын. Мал-мүлкі көп болғанымен қарыздар болып қайтыс болғандығы айтылады. Өйткені, өз жанымен қоса, бар мал-дүниесін Алла жолында жұмсаған. Сондықтан қолында ешнәрсе қалмаған. Әзіреті Әли: Пайғамбарымыздан өз құлағыммен естідім. Ол (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Талха мен Зубәйр менің жұмақтағы көршілерім» деп айтты. Ол «Жәмәл» оқиғасында 64 жасында шәһид болды. Оның жаназа намазын әзіреті Әли оқыды. Зубәйр жас кезінен құт жолға түсіп, өмірінің соңына дейін Пайғамбарға шынайы жолдас болып, ардақты Пайғамбардың батасын алған.

Қасиетті Ислам дінінің жер шарына тарауы, біздерге дейін келіп жетуі әуелі Алла Тағаланың бұйрығымен болса, екіншіден осы қаһармандардың арқасы. Сондықтан екі дүниеде де бақытты боламыз десек, Зубәйр ибн Аууамдай (ол кісіге Алла разы болсын) және тағы басқа да саңлақ сахабалар сияқты ізгі жолмен жүруіміз керек. Мал-жанымызды аямай Алла жолында, еліміз үшін қызмет етуіміз қажет. Алла Тағала осындай сахабалардың жолымен жүруді біздерге және келер ұрпақтарымызға да нәсіп етсін. Әмин!