Home / Мақалалар / Ақырет таразысында ауыр тартатын бұл амалды білесіз бе?

Ақырет таразысында ауыр тартатын бұл амалды білесіз бе?

Жаратушы Хақ Тағала күллі игі дүниелерді асыл дініміздің негізі етіп бекітті. Соның бірі әрі бірегейі – көркем мінез. Екі жаһан сардары (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінез иелерін сүйіншілеп:

«Қиямет күні амалдар таразысында ең ауыр салмақ тартатын көркем мінезден артық ештеме болмайды. Асылында,  көркем мінез иелері ораза ұстайтындар мен құлшылық ететіндердің дәрежесіне қол жеткізеді» (Әбу Дәуд),— десе, тағы бір хадисінде: «Қиямет күні маған сүйікті әрі жақын болатындар мінезі көркемдер»(Тирмизи),- дейді.

Көркем мінез – екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін бойымызға сіңіріп, иманымыздың кәмілдігін пайғамбарымыз бен са­хабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек. Хәкім Абай:

«Ғылым мен ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!»,-деген екен.

Демек, жаман тізгіндеу, жақсы мінезге ұмтылу адамның қолындағы шаруа. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің мінез-құлқы көркем болса, соның иманы кемел» (Тирмизи), -дейді. Ендеше, иман кемел, мінез көркем болу үшін не істемек керек?!

Жүректер Алланы еске алумен жай табады

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13:28)

«Мына Құран да – Біз түсірген қасиетті кітап. Ендеше, Алланың мейіріміне бөлену үшін оны басшылыққа алыңдар һәм оны жалғанға шығарып, үкімдеріне қайшы келуден барынша сақтаныңдар» (6:155)

Алла Тағала құлдарына Өзін еске алуды бұйырды әрі ол үшін үлкен сый әзірледі. Ол ұлы сый – Алла Тағаланы еске алғанның әрбірін Алланың Өзі еске алуы.

«Жүректер Алланы еске алумен жай табады» (13:28).

Жәй тапқан жүрек жайдары мінезге жетелейді. Алланы үнемі жадында ұстайтын жанның мінезінде мін, ісінде кемтік болмайды.

 Жақсы ойлау

 Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз» (50:16)

«Сөздеріңді жасырсаңдар немесе әшкерелесеңдер де Ол Алла көкіректегі бар сырды біледі»(67:13) дейді.

Көкірегінде иманы бар, өзін мүмін санаған кез-келген мұсылман өзге бауыры туралы әрдайым жақсы пікірде жүруге міндетті. Мұсылмандар жайлы жаман ойлау тәрбиедегі кемшілікті аңғартады. Өйткені, ол жүректің ластануынан туады. Рухын кір шалған адам ғана барлық нәрсені бұлдыр көреді. Бұдан құтылудың жолы әркімнің өз күнәларын талқыға салып, түзету. Өзге бауырымызға деген ішкі ойымыздың таза болуы – иман беріктігінің белгісі. Мінезі Құран болған Алла Расулы (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр адамның қате-кемшілігіне кешіріммен қараудан жалықпайтын.

 Мейірімді болу

Мейірімді болсақ қана мейірімге бөленеміз. Кез келген жаратылысқа мейірімділік танытып, меселін қайтармаған жанды Раббысы сол сәтте- ақ  мыңдаған сүйіншінің астында қалдырады. Адамзаттың ең тура сөзді тұлғасының (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баяндарына зер салар болсақ, шөлден қаталап, титықтаған итке күнәһар әйелдің мейірімі түсіп, құдықтан су алып бергені үшін жаннаттық болғандығын білеміз.

 Жақсылық жасаудан жалықпау

Амалдардың ең сүйіктісі – адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлайтыны. Құранда: «Ол қайсыбірің анағұрлым игі һәм сауапты іс істер екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – Әзиз, Ғафур»,- дейді. (67:2)

Шын мәнінде, игілікке бос қиялмен ешкім жетпек емес. Жанымыз жақсы болса,  жақсылыққа құштар жүреміз. Жаннаттық жандарға жәннаттық амалдар жеңілдетіледі, Алла Тағаланың мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылық, жақсы амалдардың қайтарымы да кең болары сөзсіз. Жақсылықтың қайтарымы – тек жақсылық қана.