Home / Мақалалар / Аралда адасқан адам

Аралда адасқан адам

Ибн Құдама Әл-Мақдиси (Алла оған рақым етсін) өзінің «Тәубе етушілер» атты еңбегінде Абдул Уахид ибн Зәйд деген кісіден мына бір қызықты оқиғаны баяндайды.

«Теңізде кемемен келе жатып, жел айдап, бір аралға тап болдық. Аралды кезіп жүріп, бір адамды жолықтырдық. Онымен танысып, сөйлесе келе кімге құлшылық ететінін сұрадық. Ол өзі қолдан жасап алған пұтты нұсқады.

Біз оған: «Біздің кемемізде мұны қолдан жасай алатын адам бар. Бұл құлшылық етілетін нағыз құдай емес»,- дедік. Сонда ол: «Сендер кімге сиынасыңдар?»,- деп сұрады. Біз: «Аллаға»,- деп жауап бердік. Әлгі адам таңқалып: «Алла деген не?»,-деп сұрақ қойды.
Біз оған: «Алла Ол – бүкіл әлемді Жаратушы, жер мен көкте билігі жүруші, өлілер мен тірілерге үкімі жүруші»,- дедік.
Ол сонда: «Оны қайдан білдіңдер?»,- деп сұрады. «Оны жалғыз Жаратушы бізге пайғамбар жіберіп, үйретті», -дедік.
«Пайғамбар не істеді?»,- деп сұрады әлгі адам. «Пайғамбар дінді жеткізді. Сосын Алла оның жанын алды»,- деп жауап бердік.
— Ол сендерге ешбір белгі тастап кеткен жоқ па?
— Әрине, қалдырды.
— Не қалдырды?
— Бізге Жаратушының кітабын қалдырып кетті.
— Ендеше маған Жаратушы Патшаның кітабын көрсетіңдерші. Патшалардың кітабы әдемі әрі көркем болуы тиіс,- деді. Сонда оған Құран әкеліп берден едік ол: «Мен мұны оқи алмаймын»,- деді. Сонда біз оған Құранның бір сүресін оқып бердік. Құран аяттарын алғаш естіген әлгі адам көз жасына ие бола алмай, жылап жіберді. Оқыған сайын жылауын үдете түсті. Сосын: «Мына кітаптың егесіне қарсы күнә жасауға болмайды»,-деді де, Ислам дінін қабылдады. Біз оған Ислам тәлімдері мен Құран сүрелерін оқуды үйреттік. Оны өзімізбен бірге кемемен алып кеттік. Жолда күн батып, кеш қарайғанда жатуға ыңғайлана бастадық. Сол кезде әлгі адам:
«Әй адамдар! Сендердің маған таныстырған Тәңірлерің түн болған кезде ұйықтай ма?»,- деді.
Біз оған: «Жоқ, әй Алланың құлы! Ол Тірі, Басқарушы, Ұлы. Ешуақытта ұйықтамайды»,- дестік.
Ол: «Сендер ұйықтамайтын Раббыларың тұрғанда ұйықтап жататын қандай жаман құлсыңдар!?»,- деді де құлшылық жасауға кірісті. Елімізге келіп жеткенде жолдастарыма:

«Бұл адам Исламды жаңа қабылдаған бейтаныс әрі бөтен кісі»,- деп біраз қаржы жинап, қолына ұстаттық.
Ол адам: «Бұл не?»,- деп сұрады.
— Өзіңнің қажетіңе жұмсайтын ақша,- дегенде ол:

«Алладан басқа тәңір жоқ! Мен теңіздің ортасында иесіз бір аралда, Алладан бөлек бір жаман пұтқа сиынып жүргенде де Алла мені тастап қоймаған болатын. Енді Онымен танысып, білген кезде мені тастап қоя ма?!»,- деп ақшаны алудан бас тартты. Осылай деген әлгі адам өзінің кәсібін жасап, өмір сүре бастады. Аз уақыттың ішінде елдің ең игі, салихалы адамдардың біріне айналып, өмірден озды.