Home / Жаңалықтар / МЕККЕДЕ: «БІР МЕЗЕТТЕ – БІР ТІЛЕК» (ФОТО)

МЕККЕДЕ: «БІР МЕЗЕТТЕ – БІР ТІЛЕК» (ФОТО)

Арапа күні Қажылық миссиясы «Бір мезетте – бір тілек» атты дәстүрлі дұға жасау игі шарасын ұйымдастырды. Дұға жасау рәсіміне Қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиев бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушілері, дін қайраткерлері, батагөй ақсақалдар, жалпы Қазақстан қажылары қатысты.

Алақан жайған жамағат бір мезетте: «Уа, Алла Тағала! Біз Сенен қажылығымыздың қабыл болуын, еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын, күллі мұсылмандардың ауызбіршілігін сұраймыз. Өзің сыйға берген Тәуелсіздігімізді баянды ете гөр. Елдің игілігі жолында аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарға Өзің жар болғайсың. Қазақстан халқына Өз берекетің мен жақсылығыңды жаудырғайсың. Біздің қателіктеріміз бен кемшіліктерімізді кешіре гөр. Тілегімізді қабыл, мұратымызды асыл еткейсің! Әумин!» – деп дұға жасады.

Айта кетейік, игі шара жыл сайын арапа күні ұйымдастырылып келеді. «Шараның басты мақсаты – елімізден келген барша мұсылман жамағатын бірлік пен берекеге бастап, ынтымақ пен ымыраға ұйыстыру. Сонымен қатар, Алла Тағаладан еліміздің болашағын, халқымыздың ауызбіршілігін көпшілікпен бірге бір мезетте сұрау. Өйткені, көптің тілегі қабыл болмақ», – деп атап өтті Қажылық миссиясының жетекшісі Б.Әліпбекұлы.

Биыл 2500 отандасымыз қажылық парызын өтеуде. Оларға 17 турфирма қызмет көрсетуде. Қажылық фирмаларының қызметін қадағалау, жалпы қажылық маусымындағы ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру – Қажылық миссиясының негізгі міндеттерінің бірі.

muftyat.kz сайтынан алынды