Home / Жаңалықтар / 115 оқушыға қайырымдылық көмек  көрсетілді

115 оқушыға қайырымдылық көмек  көрсетілді

Әр оқу жылының қарсаңында ҚМДБ-ның мешіттері тарапынан атқарылатын «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасын өткізу дәстүрге айналып келеді. Биыл да бұл игі шара кеңінен жалғасын тапты.
           ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасын жүзеге асыру аясында «Орал»облыстық  орталық мешіті мен жергілікті кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен «Бір баланы киіндір» қайырымдылық акциясы болып өтті.

ҚМДБ-ның БҚО  бойынша өкіл имамы Руслан қажы Тыныштықұлы жиналған оқушыларды келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтап, биылғы оқу жылы мұсылмандардың қасиетті мерекесімен сәйкес келгенін атап өтті. Ата-аналарға екі дүниенің ілімі жайында уағыз айтып,  оқушыларға оқуда озат болып, иманды, білімді  жандардың қатары көбейіп, болашақта еліміздің өркендеуі үшін адал еңбек етіп, жақсылық жасауға шақырды.

Қайырымдылық шарасы аясында мектеп жасындағы 115-ке тарта оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары мен кеңсе жабдықтары, киім-кешектер, аяқ-киімдер, спорттық киімдер таратылды.

Шара соңында БАҚ өкілдеріне өкіл имам мен  оқушы балалар  сұхбат берді. Ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Игі бастамалар аудандық, ауылдық мешіттерде өз жалғасын табуда.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша қызметі