Home / Жаңалықтар / ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН АҚЖАЙЫҚ ЖҰРТЫ!

ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН АҚЖАЙЫҚ ЖҰРТЫ!

РУСЛАН ТЫНЫШТЫҚҰЛЫ СУЛТАНОВ, ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имам:

ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН АҚЖАЙЫҚ ЖҰРТЫ!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірменді ағайын!

 

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт құтты болсын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі.

Биыл мұсылман қауымы бұл мерекені 1-ші қыркүйектен бастап тойлайды. Бұл күндері мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Құрбан айттың бірінші күні мешітте айт намазы оқылғаннан кейін Алланың разылығы үшін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсықарым-қатынасқалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қайырымен қабыл еткей!
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін.
Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!