Home / Жаңалықтар / Құрбан айт жұмыстары пысықталды

Құрбан айт жұмыстары пысықталды

Орал қаласында ҚМДБ –ның БҚО бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Орал қаласы имамдарының жиналысы өтті. Жиында құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өту мәселелері талқыланды.

Жиынға ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов, обьлыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов, орталық мешітінің жанынан ашылған «Ақсақалдар» алқасының төрағасы Нәдір Абдукаев қатысты

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына орай, Құрбан айт мерекесін бұқаралық сипатта тойлау мақсатында қаладағы «Орал» облыстық орталық мешітінің алаңында, спорттық-мәдени шаралар өткізілетін болады. Бұл күндері қаланың бас имамдары тарапынан Оралдық бүлдіршіндерге де сый-сияпат әзірлеу қарастырылмақ.

Осыған орай, қала, аудан, ауыл мешіттерінде ішкі-сыртқы аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіліп, қалалық деңгейде «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы қолға алынбақ. Аталмыш шара жылдың 1 қыркүйек күні сағат 08:30-де «Ел-ырыс» базарында, «Орал-колбаса» ЖШС, «С. Құспанов» ЖК, «Батыс адал-ет» ЖШС, «Кублей» ЖШС-де т.б. жерде өтеді.

Сонымен қатар, Орал қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен қала маңынан арнайы құрбандық шалатын орындар әзірленді. Сол орындарда ғана құрбандық шалу керектігі жөнінде халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізілмек.

«Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» — делінген («Хаж» сүресі, 32-аят).

Сондықтан исламдағы мейрам ол ғибадат пен амал, қуаныш пен шүкіршілік, кешірім мен бауырластық, адамдардың жүзіне күлімдеп қарау мен көркем мінездіктен тұрады. Ұлық мерекеде адамдар бір-бірін құттықтап, араздасқандар достасып, өзара қарым-қатынастарын жаңалайды.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі