Home / Жаңалықтар / Тебіреніске толы рухани кеш

Тебіреніске толы рухани кеш

Тебіреніске толы рухани кеш

Бүгін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен Казталов ауданы, Жалпақтал ауылдық мешітінің қолдауымен «Қош келдің, қасиетті Рамазан» атты рухани-патриоттық шара болып өтті.

Орал шаһарындағы Жастар мәдениет сарайында, сонау Жалпақтал өңірінен (Казталов ауданы), облыс орталығына ат басын арнайы тіреп, ауылдық мешітінің бас имамы Тлепберген Ахметжанұлы Нұралиев ағамыздың ұйымдастыруымен орасан зор дайындықпен патриоттық рухтағы айлардың сұлтаны болған Рамазан айын ұлықтауға арналған мәдени-рухани шара оздырылды.

«Қош келдің, Қасиетті Рамазан» атты рухани-патриоттық шараның ұйымдастырылу бөлімінде «Айтамын жарапазан Алашыма, Қазақтың құт дарысын даласына» деген ізгі ниет-тілектерімен, көптен күткен, сағындырып келген тамаша айымызды дәріптеп, қадір қасиетін толық ашуға бағытталған әуенді бейнебаян қойылып, жамағатты қыздырып әкетті.

Шараның басталуында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы қуанышпен қарсы алған, қимай шығарып салатын Оразаның әр сәтін бағалайықшы деген үндеуімен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шарифтерімен бастап сөз алып, ұлық Рамазан айымен жамағатты құттықтады, әрі осы рухани шараны ұйымдастырып отырған Казталов ауданы, ауылдық мешітінің бас имамы Тілепберген Ахметжанұлына, барлық қатысушыларға алғыс-рахметін, ыстық ықыласын білдірді.

Кеш барысында ата-бабамыздан қалған ғұрыптық ән — Жарапазан турасында толық түсінік беріліп, оның Рамазан деген сөзден туындап, әрі қазақ халқының исламмен біте қайнасқанын дәлелдейтін, Жарапазан айтып көңілді әндете жүріп, сол әнімен исламды таратқанын, кеңпейіл дархан даламызда Оразаның сонау заманнан келе жатырғанын тақырыпқа сай аша келіп, сол Жарапазанды Артур Досқалиев орындап берді. Әнші Абзал Қажығалиевтің «Аңсаған Рамазан» әні Рамазанды аңсаған баршамыздың жан сарайымызды бірге сайратты.

Сондай-ақ өрімдей жас шәкірттер Нұртас Ғабдуллин мен Нұрдәулет Шынболатұлы «Рамазанға арнау», «Иманға кел» өлеңдерімен «Мәңгі тозбас иманды дүниенің қызығына айырбастама, көкіректе көзің болса, ақиқатты мойында…Адамды өсіретін зікір, амалды өшіретін күпір…» деп ойлы толғанысқа салып оқырманын ұйытса, Бауыржан Қыдырғалиев «Осылай жазылған Құранда», «Келесі жұмаңды нәсіп ет, Алла» деген нұрлы да сырлы тамаша әндерімен елітті. Батыр Хайруллин «Қалмаңыз бүгін Жұмадан» деп толғанысқа толы өлең жолдарын тарту етсе, ал, Ербол Бозаев «Өлшеулі өмір» әнімен тебірентті. Бұл кеште Ақылбек Бектасовтың орындауында қазағымның қасиетті домбырасы да Қаршыға Ахмедияровтың күйімен сыр шертті.

Рухани шараны үлкен әсерімен толықтырған «Ораза» және «Дерт пен дауа» сахналық көріністері заманауи адамдардың келбетін, күнделікті күйбең тірлігімізді айнытпай бейнелеп, иманға шақырып, түйінді ой тастап, кешті одан әрі жандандырды. Өте әсерлі де шынайы, жүректерді селт еткізген бұл көріністер көпшіліктің көзіне жас алдырды.

Ораза — теңдессіз құлшылық. Осындай ғибратты айда құлшылықпен ғана шектелмей күллі жамағатқа рухани азық болар тағлымы мол кеш сыйлаған Жалпақтал ауылдық мешітінің имандары мен жамағаттарына алғысымыз шексіз, Алла разы болғай! Дайындықтары үлкен, өте жоғары деңгейде, бірнеше айлық еңбектің жемісіндей.

Мағыналы да әсерлі өткен шараны ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы шын жүректен Тілепберген имамға, ұйымдастырушы, қатысушы Жалпақтал ауылының тұрғындарына шексіз ризашылығын білдіріп, үлкен сахнаға келген бүлдіршіндерге «Ойландыратын, жүректен өткен шара болды, Алла таудай талап берсін,» деп және тәуелсіз мемлекетіміздің туы биіктен ғана көріне берсін деп, ыстық лебізімен түйіндеді, әрі барлық қатысушыларға Құран-кәрім сыйлады.

Өз кезегінде Тілепберген Ахметжанұлы да баршамызды асыға күтіп, қимай қоштасатын Рамазанмен құттықтады. Әрі өзі бастап келген ұжымға алғысын, Жалпақталдан шараға қатысу үшін облыс орталығына келген мешіт жамағатына ризашылығын білдірді.

Рухани-патриоттық кеш аудан тұрғындарының татулығы мен бірлігін, һәм ұйымшылдығын көрсетті. Иығына ауыр жүк көтеріп келген, орталықтағы қаншама адамға рухани азық сыйлаған бұл ауылдың тұрғындарына Алла разы болсын! Үлгі-өнеге алайық, мұраттарымыз асыл, Рамазандағы барлық ізгі ниет пен дұғаларымыз қабыл болғай!

Нұрлан САМАТҰЛЫ