Home / Жаңалықтар / Тарихтан тағылым

Тарихтан тағылым

Жақында «Қазақстан-Орал» телеарнасында «Тарихтан тағылым» атты бағдарламасына журналист Мұнайдар Балмолданың шақыруымен Зеленов ауданы, Мичурин ауылдық  мешітінің бас имамы, өлкетанушы, шығыстанушы, Мұратбек Жахатов, Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, облыстық өлкетану музейінің қор сақтаушысы Мұхтар Өтесовтермен «Айшуақ хан Әбілхайыр хан ұлының құлпытасының табылуы, оның тарихқа қосар үлесі мен берер пайдасы» турасында сұхбат  болып өтті. 

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының қолдауымен қызмет атқарып жатқан Зеленов ауданы Мичурин ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатов Қасиетті Рамазан айының ішінде, 12 маусым күні «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі Нұртас Нәбиоллаұлы Сафуллиннің парақшасынан араб-парсы қаріптерімен түркі-шағатай тілінде Айшуақ хан, Әбілхайыр хан ұлының құлпытасын оқып, сол желі арқылы тарих сүйер қауымнан сүйінші сұрағанын айтты.

Теректі ауданы, Бекей ауылындағы қорымда тұрған құлпытасты  Жантас Сафуллин бастаған «Жайық-Пресс» қызметкерлері мен тарихшылармен, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлымен бірге барып оқыған. Ескерткіште мұсылман баласына және хандарға жазылатын «әл-мархум, әл-мағфур, әл-мадфун, әл-мабрур, Әбу Музаффар уәл-мансур саид баһадур хан» деген мәртебелі сөздерден кейін Қажы сұлтан ұлы Әбілхайыр ханның ұлы Айшуақ хан һижрамен 1227 жылы 15 сәуірде 85 жасында қайтыс болғандығы, өзі Кіші жүздің ханы болғанымен бірге, екі баласы Жантөре мен Шерғазы да хан болғандығын, құлпытасты ұлы Алғазы сұлтан қойғанын жазғандығын айтып өтті.

Жәнібек Исмурзиннің айтуынша құлпытастың табылуына байланысты орыс-қазақ тарихшыларының осы кезге дейін жазып келген Айшуақ ханның туған жылы, қайтқан жылы, қай жастарында хан болғандығының қателіктерін түзетеді.

Кіші жүздің ханы Айшуақ Әбілхайырұлы 1727 жылы туғаны, 1797-1805 жылдары 70 жасынан 78 жасына дейін Кіші жүздің ханы болғаны, 85 жасында 1812 жылы 15 сәуірде қайтыс болғаны туралы нақты деректі құлпытасы берді.

Бұл жаңалық Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына байланысты жасалған маңызды жұмыс болып бағаланды.

Зеленов ауданы,  Мичурин ауылдық мешітінің баспасөз қызметі