Home / Жаңалықтар / Ол маған енді дос емес: шайтаннан қалай құтылуға болады

Ол маған енді дос емес: шайтаннан қалай құтылуға болады

«Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды»

Өмір самғаулар мен құлаулардан, қуаныш пен қайғыдан, бақыт пен бақытсыздықтан тұрады. Сондай-ақ, дін де солай: кейде біз Аллаға жақын боламыз, ал кейде Одан алыстап бара жатқанымызды сеземіз.  Бізді Алла Тағаладан алыстататын 2 жауымыз бар, олар:  біздің нәпсіміз бен шайтан. Аллаға жақындау жолын қысқартып, Оған жақын болуда иман келтірген жан оның жолында кімнің тұратынын анық білуі керек.

Егер сіздің Аллаға жақындау жолыңызда өзіңіздің нәпсіңіз тұрса, өзіңізді қолға алыңыз, игі амалдар жасауға күш-жігер жұмсаңыз. Құранда айтылғандай жаман әдеттеріңізді жақсы әдеттерге алмастырыңыз: «(Мұхаммед Ғ.С.) күндіздің екі жағында (таң және екінді намазы), түннің күндізге таяу кезінде (ақшам, жашыйық) намазын толық орында. Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды. Бұл түсінушілер үшін бір насихат» (11:114).

Бұдан бөлек, мәңгілік өмір туралы, жасаған күнәларыңызға жауап беретін күннің туатынын және, жалпы алғанда, күнә жасаудың салдары неге әкеліп соғатынын естен шығармау өте маңызды.

Шайтанның азғыруынан құтылу үшін Алла Тағала бізге ең үздік  қорғану жүйесі болып табылатын иманды сыйлаған. Сонымен, Шайтанмен, дәлірегінде оның азғыруларымен не істеу керек? Шайтаннан қорғанудың басты құралдары болып келесі дүниелер табылады:

  1. Білім. Құран мен Сүннет иман келтіргендер өміріндегі рұқсат етілген мен тыйым салынғанды анықтайтын басшылық болып табылады. Кімнің білімі болса, соның қорғанышы бар және ол шайтанның алдында сондай әлсіз болып табылмайды. Білім адамның иманын нығайтады. Өзі, өзінің Жаратушысы туралы көп білген сайын, оның Аллаға деген сүйіспеншілігі нығайып, түзу жолға түсуге деген ниеті де арта түседі.
  2. Аллаға сенім арту. Алладан басқа ешкімде құдірет те, күш те жоқ екендігіне иман келтіріңіз. Барлық нәрсе тек Алланың қалауымен ғана болады, Оған сенім артыңыз, Одан сұраңыз, Оның ғана разылығын алуға ұмтылыңыз, сонда ғана ешқандай шайтан сіздің жолыңызға бөгет бола алмайды.
  3. Дұға. Дұға жасаңыз – шайтаннан қорға деп Аллаға жалбарыныңыз, біздің иманымызға зиян келтіретін барлық жамандықтан сақта деп Жаратушыдан сұраңыз.
  4. Алланы еске алу. «Алла Тағала былай айтқан: «Менің құлым Мені қандай деп ойласа, Мен сондаймын, ол қай жерде Мені есіне алса, сол жерде Мен онымен біргемін. Егер ол Мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын, ал егер ол Мені басқа адамдардың арасында еске алса, Мен оны одан да жақсы адамдардың арасында есіме аламын. Егер Менің құлым маған бір сүйем жақындаса, Мен оған шынтақтай жерге жақындаймын, егер ол Маған шынтақтай жақындаса, Мен оған сажындай жақындаймын, ал егер ол Маған қарай қадам жасаса, Мен оған қарай жүгіремін!» (Бұхари, Мүслім).
  5. Намаз. Намаз сияқты біздің иманымызды сақтап, өзімізді қорғайтын ештеме жоқ. Намаз – Алла Тағала алдындағы біздің бойұсынғыштығымыз, көнгіштігіміз, сүйіспеншілігіміз, Одан қорқуымыз. Намаз – иман келтіргеннің ең үздік қасиеттерін тәрбиелейді, әрбір жасалған рукуғ оны қарғыс атқан шайтаннан алыстатып, жамандықтан қорғап, Алла Тағалаға жақындата түседі.

muftyat.kz сайтынан алынды