Home / Ғибратнама / Жүрекке мейірім тұнған сәт

Жүрекке мейірім тұнған сәт

Жүрекке мейірім тұнған сәт

Батыс Қазақстан облысында балалар мейрамы жалғасуда. ҚМДБ-ның БҚО бойыша өкіл имамы Руслан Тыныштықұлының игі бастамасымен, әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиленушілеріне арналған қайырымдылық шарасы өткізілді.

Бірнеше күннен бері сәулесін қылтитып, күннің жадыраған, ауа райының оңтайлы туған сәтін пайдаланып БҚО өкілдігінің қызметкерлері бесін намазынан кейін, Шаған өзенінің бойындағы «Қалалық мәдениет және демалыс саябағына» жол тартты.

Мақсаттары: «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ тәрбиленушілеріне балалар мерекесіне орай қуаныш пен шаттық сыйлау. Мешіт қызметкерлері алдымен мекеме қызметкерлері мен балаларға ыстық лебіздерін білдірді де, әйел-қыздар секторының меңгерушісі Гүлжамила Ермағамбетқызы Ахметова бас болып, шараны мәресіне жеткізіп шықты. Көмек күшін созған студенттер мен жастардан құралған «Бір уыс мейірім» еріктілер тобы мүшелері келген 50 тәрбиеленушінің әрқайсысымен тез тіл табысып, аниматорлық костюмдерімен, әрі сайқымазақ болып ойындар өткізуді лезде бастап кетті. Әсем әуен аясында балалар шат шадыман болып ойнап күлді, биледі.

Қаламызды алақанға салғандай етіп көрсететін, саябақтағы ең биік те үлкен «Шолу шеңберіне» отырып, саябақтың ішін толықтай «Малыш» үш күймелі паровозымен аралап балалар мәре-сәре болды. Саябақтағы барлық аттракциондарды бір күнде тегін әрі көп көлемде қызықтайтынын естіген балалардың шат-шадыман көңілін көру бір ғанибет болды. Су толы бассейндегі ауа шарымен домалап, батутқа да секірді. Әуенді су бұрқақты тамашалады. Ерекше көңіл күй мен эмоция сыйлайтын анакондадан сырғанады. Су жағасындағы 5-7 адамдық серуенге арналған велосипедтерге бөліне мініп, серуендеді. Сондай-ақ, осы саябақта орналасқан қатар Джуманджи отбасылық демалыс орнынан да балаларға атрракциондарға тегін карта-билеттер үлестіріліп, әр бала 5 ойын аттракционына дейін өз таңдаулары бойынша отырып ойнады.

Қуаныштан жүздері жанған балалардың шатығын көру қандай бақыт! Төрт құбыласын теңестіре алмасақ та, бір сәтке болса да балаларға шаттық сыйлап, қасиетті Рамазанда балаларымызды қуанта алғанымызға шүкіршілік.

Аттракциондағы ойынның түр-түрінен қызықтап, уақыттың қалай зымырағанын байқамай қалған балаларымыз ойындары қанып, шөл қысқанда, саябақтағы кафеге барып, баршасына ыстық тамақ пен сусын берілді. Екінтінің уақытына дейін созылған саябақтағы қыдырысты тәмәмдап, соңында әр балаға балмұздақ таратылды. Тәрбиешілері ҚМДБ-ның БҚО бойыша өкілдігіне ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Ал біз, бір сәтке болса да бал-бұл жанған балақайлардың жүздерін көріп, жанымызға ләззат алып қайттық. Еліміздің амандығын, бауырымыздың бүтіндігін, балғын жүректерге мейірім туғызар, шаттық сыйлар мүмкіндікті молынан бергейсің, Раббым!

Айсалқын НҰРСАЙЫНҚЫЗЫ