Home / Жаңалықтар / БАС МҮФТИ АСТАНАДА БІР ТОП ҒАЛЫММЕН КЕЗДЕСТ

БАС МҮФТИ АСТАНАДА БІР ТОП ҒАЛЫММЕН КЕЗДЕСТ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астана қаласында еліміздің бас мешіті – «Әзірет Сұлтанда» біртоп ғалыммен кездесті.

Кездесуге ҚМДБ-ның бірінші төраға орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфтилер – Алау Әділбай, Бауыржан Есмахан, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, Қ.А. Йассауи атындағы Қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің оқытушысы Құдайберді Бағашар, белгілі теолог-ғалым Мұқан Исахан, «Пікір» діндерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры Асқар Сабдин, «Нұр Мүбәрак» университеті жанындағы «Әбу Ханифа» орталығының директоры Қайрат Құрманбаев қатысты.

Дөңгелек үстелде дәстүрлі дініміз – Ислам құндылықтарын насихаттау, халықтың діни сауатын көтеру, жастарға патриотизмді, толеранттылықты, төзімділік пен байсалдылықты насихаттау, дәстүрлі мәзһабты ұстанудың қажеттілігі, т.б. мәселелер сөз болды.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір қоғамда, ақпараттық алаңда діни орта мен зайырлы қауым арасында өзара түсінбеушілік тенденциясы мен керағар көзқарастар байқалып қалуда. Екі жаққа да ортақ проблема бар, ол – менікі ғана дұрыс немесе мен өз пікірімде қаламын деген ұстаным. Осы қатаң көзқарас, яки ұстаным екі тараптың алшақтауына әкеп соғуда. Біздің қоғамға жетіспей жатқан тағы бір мәселе – пікір білдіру мәдениетінің төмендігі, өзгенің көзқарасы мен ұстанымына төзбеу немесе көзқарасқа құрметсіздік. Осы факторлар азаматтар арасында қатыгездік пен жеккөрушілік сезімдерді оятуда. Біз осы мәселеге әрқашан назар аударып отырғанымыз абзал», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Ғалымдар ҚМДБ төрағасы көтерген мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салып, мүфтиятпен бірлесе ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға уағдаласты.