Home / Жаңалықтар / «Бабалар ізімен» экспедициясы Мұхаммед Хайдар Дулатиге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізді

«Бабалар ізімен» экспедициясы Мұхаммед Хайдар Дулатиге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабалар ізімен» ғылыми-тарихи экспедициясы Үндістанда даңқты бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулатиге де қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Экспедиция мүшелері Кашмир штатында болып, даңқты қолбасы әрі тарихшы-ғалымның жерленген жеріне арнайы барған еді. Олар сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасын зерттеп жүрген жергілікті ғалымдармен кездесіп, тың мәліметтер жинап қайтты.

Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз 1540-1551 жылдар аралығында Кашмирде 11 жыл бойы билеуші болған. Ол атақты Захир ад Дин Бабырдың бөлесі болған және Ұлы Моғолдардың сарайындағы әскербасы ретінде қызмет етіп, Кашмирді бағындырды. Және оның атақты «Тарихи рашиди» деген еңбегі де осы таулы, табиғаты әсем және жанға жайлы Кашмир жерінде жазылған. 1551 жылы Мұхаммед Хайдар Дулати қайтыс болған соң ол Кашмирдің орталығы Сринагар қаласындағы «Мазар и Салатинге», яғни сұлтандар мазарына жерленген еді. Бүгінде бұл орын тарихи жерге айналған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

«Бұл кісі жатқан жер қазақтарға киелі жер деп есептеймін. Мен үшін осы жерге келіп, Құран оқып, бас иіп кету әрбір азаматтың борышы сияқты. Кашмир университетінде, Дели университетінде, басқа жерлерде бұл кісіден қалған көп мәліметтер бар. Соны егер біздің ғалымдар келіп, зерттейтін болса, көп мәліметтер табуға болады. Үндістандық ғалымдар Мұхаммед Хайдар Дулатидің «»Жаханнама» және «Тарихи рашиди» деген еңбектеріне ерекше баға береді. «Олар бұл шығармалар өзінің тарихи шынайылығымен және көркемдік сипатымен құнды», – дейді.

Дәл осы «Тарихи рашиди» еңбегінің жазылу тарихы «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов пен Кашмир Университетінің профессоры Рафуддин Махмуди арасындағы кездесу барысындағы әңгімеге арқау болды. Рафуддин Махдуми, Кашмир университетінің профессоры:

«Ол «Тарихи Рашиди» деген еңбек жазды. Ол – монументалды, өте үлкен шығарма. Мұхаммед Хайдар Дулати сондай-ақ, Кашмирдегі барлық дін өкілдерінің басын қосып, діни тақырыптарды ашық талқылайтын жиындар ұйымдастырған. Ол Кашмирді басқарған кезінде Ислам дінінің сүнниттік тармағына көп қолдау білдірген. Мырза Хайдар білім, өнер және ағартуға ерекше көңіл бөлген. Мұхаммед Хайдар Дулати Солтүстік Кашмирден бөлек Тибет, Бадахшан, Кафиристан мен Ладакқа да жорық жасаған. Ол солтүстік Үндістанда көптеген реформа жүргізіп, әскерді күшейтеді, ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтереді. Кашмирде Моғолдар Империясының билеушісі Хумаюнның атынан күміс теңгелер құйдырып, айналымға енгізеді. Кашмир ол кезде Ауған және Иран сияқты елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтын деңгейге жетеді. Тарихи тұлғаның есімі Қазақстан мен Үндістанды мәдени тұрғыдан жақындастыруға толықтай лайық».

Болат Сәрсенбаев, Қазақстанның Үндістандағы елшісі:

«Мұхаммед Хайдар Дулати – қазақ елі үшін айтулы, тарихи тұлға. Оның мұрасын зерттеу ісі Президент Назарбаев жария еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай келіп тұр. Ол арқылы біздің азаматтарымыз үшін өз тарихының белгісіз тұстарын анықтауға мүмкіндік тумақ. Яғни, біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған шақырым жерге келіп, дәл осы Үндістан жерінде із қалдырған. Бұл деректерді Қазақстанда да, үнді елінде де насихаттау керек. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірінің соңы өте аз зерттелген. Қолда бар деректерге сүйенсек, ол 1551 жылы Кашмир аймағындағы Ханпура деген жерде көз жұмған. Оның қандай жағдайда өмірден өткендігі туралы аңыз әңгіме көп. Экспедиция мүшелері дәл осы Ханпураға жол тартып, орта ғасырлық бекініске келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Енді алдағы уақытта Кашмирден жаңа деректерді табу міндеті тұр. Бұл үшін жергілікті ғалымдармен тығыз жұмыс жалғаса бермек».
24.kz