Home / Без рубрики / Құлпытастағы жазуларды оқи білсек, қаншама қазынамыз ашылар еді — Мұратбек қажы Жахатов

Құлпытастағы жазуларды оқи білсек, қаншама қазынамыз ашылар еді — Мұратбек қажы Жахатов

ОРАЛ. ҚазАқпарат — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы біз секілді руханиятқа қызмет жасап жүрген жандарға үлкен сүйеніш, қамалдай қорған болып, жігерімізді жаныды. Бұл туралы Зеленов ауданы Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов өз ой-толғамымен былайша бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Оның айтуынша, ұлттың жүрген жолымен ғибрат алар тірлігін ұмытпай, ұрпақтарға жеткізіп отыру — азаматтық парыз. Ұлылығымыз бен парасаттылығымызды, халқымыздың тарихи мұраларын сыйламасақ, кішіні қалай тәрбиелейміз? Қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлы туып, ұлы жолда қызмет қылса, онан зор ұлтқа бар ма ырыс?» деген екен. Соның ішінде қазақ тарихының бүгінгі күнге дейін жетуінде тасқа басылған жазулардың септігі аз тимегені баршаға мәлім. Рулар арасындағы айтыс-тартыстарды, жайылымдарды реттеу, тіпті екі ел арасындағы шекараны анықтау үшін осы құлпытастар көп жерде дәлел бола алған. Бірнеше ғасыр бойы халқымыз араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. Алайда кеңес өкіметі кезіндегі бірнеше реформа салдарынан ата-баба мұрасын оқу сияқты құндылықтардан ажырап қала жаздағанымыз рас. 1929-1940 жылдар аралығында латын қарпін пайдалансақ, кейін кириллицаға көштік. Осылайша өз аталарымыздың құлпытасында не жазылғанын білмей, Құран мен хадис және басқа кітаптарды, бабалардан қалған өсиеттерді оқи алмайтын қалыпқа түстік. Десек те, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, рухани құндылықтарымыз жаңа тарихи көзқарас аясында қайта қаралып келе жатыр.

Өз басым құлпытастардың сырын білуге жастайымнан қызығушылық таныттым. Туған жерім — Бөкей ордасы ауданы Орда ауылындағы Хан зиратында жерленгендердің құлпытастарын көргенде, құпиясын білгім келетін. 2011 жылы Жәңгір ханның құлпытасындағы жазу мен кесенесіндегі жазудың сәйкес келмейтінін байқаған соң, тіпті хан туралы мағлұматтың өзі қате болса, мына самсап тұрған құлпытастарды оқу керек екен деп ой түйдім. Түркияда оқыған кезімде де Ыстанбұл мен Бурса қалаларындағы құлпытастардағы хұснихаттарды оқуға тырыстым. Бос уақытта фотосуретке түсіріп, эпиграфикалық жазуларды оқып үйрендім. Содан бері өз еліміздегі құлпытастарды оқи білсек, қаншама қазынамыздың көзі ашылар еді деген түйінге келдім.

Қазақстан бойынша құлпытас өте көп кездесетін жер — Батыс Қазақстан облысы. Өзім имам болып қызмет атқарған Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарында да құлпытастар баршылық. Міне, сол құлпытастар құпиясына қазіргі таңда дүние жүзі ғалымдары елеңдеп отыр десек, артық айтқандық емес. Ыстанбұл қаласынан Батыс Қазақстандағы құлпытастарды бірнеше тілге аударып шығару үшін жұмыстар атқардық. Қалмақтар мен орыс патшасы заманында көптеген құлпытастар сындырылған. Кеңес өкіметі кезінде құлпытастар жан-жақтан жиналып, әкелініп, ғимараттардың іргетасына салынса, қиын-қыстау кездерде диірменге пайдаланылған. Сордан ойылған тастың мықтылығы сондай, диірменде тұрса да, ұнға араласпаған.

Күні кешеге дейін жасы үлкендер туған күнін білмей келгені белгілі. «Ол заманда туған күнді кім біліп жатыр дейсің. Қара жұмысқа айдау, ұлт-азаттық көтеріліс, ақтар мен қызылдардың айқасы, кәмпеске, аштық, фин шайқасы, Ұлы Отан соғысы, НКВД лаңы дегендерден есіміз кетіп қалған. Бір-бірімізбен сыбырласып сөйлескен заман болды ғой», дейтін олар. Бақсақ, құлпытастарда ай күнтізбесімен де, күн тізбесімен де қатар, жылын, айын, күнін түгел жазған екен. Тіпті аптаның күндерін де «жұма, пишенбі» деп жазған. Айталық, Жаңақала ауданындағы Ескіқала құлпытастарындағы таңбалардың әркелкілігі таңғалдырды. Және ол жерде жерленген адамдардың ұрпақтарының құлпытастары Жаңақазан мен Мұқыр ауылынан табылды. Мысалы, Ескіқалада жерленген Жайық шаһарынан келген Әбдушұлы Сайфеддиннің (1785-1870) таңбасындай «ф» таңба Мұқырдан табылды. Мұқырда молла Әбдулуәһһаб молла Хисамиддинұлының (1812-1878) таңбасы «ф» болып шықты. Әбдулуәһһаб Ескіқалада 1870-1875 жылға дейін тұрғанымен, ол жерде дүниеге келген де жоқ, ол жерге жерленген де жоқ. Бірақ 66 жыл өмірінің 46 жылын Ескіқалада өткізген екен, сірә, Жайық шаһарында немесе Татарстанда туған болар. Яғни мұсылман халқына тән ғұрыппен Татарстан жерін айналып келсе де, өрбіген қаланың атын тегіне қосып жазған болар. Сол секілді Ордада құлпытасы тұрған Жәңгір ханның келіні, Сейдкерей зайыбы, Шынғали Орман сұлтан ұлының қызы, Шәнгерей ақынның анасы, Мәншүк Мәметованың нағашы апасы Ермекжан ханымға (1819-1850) құлпытас жасаған молла Әбдулуәһһаб бин мулла Хисамиддин әл-Жайықидың (1812-1878) құлпытасы Мұқырда одан бұрын құлап қалыпты. Әбдулуәһһаб молданың құлап жатырған құлпытасынан   28 жыл бұрын өзі жасаған құлпытас әлі тұр. Бұл құлпытасты Ескіқалада тұрғанда жасаған болуы керек. Сейдкерей 1852 жылға дейін тірі жүргендіктен, әйеліне құлпытасты Ордадан Ескіқалаға келіп,  өзі тапсырыс берсе керек.  Әбдулуәһһаб 1825 жылдары 12-13 жастарында қазіргі Жаңақазанның қасындағы (Глининск) Ескіқалаға қоныс аударған болып тұр. 1871-1875 жылы Ескіқала жан-жаққа тарап көшкенде, Мұқыр ауылына қоныс аударып, сол жерде қайтыс болғасын, Бұланбай бейітіне жерленген. Орманұлы Шыман төренің азан шақырып қойған аты Шыңғали болған. Ол Қамыс-Самарда тұрғандықтан, қызы Ермекжанға құлпытасты Ескіқаланың ноғайы Әбдулуаһһаб молдаға  жасатуы да мүмкін. Міне, құлпытастар осылайша сыр шертеді.

Батыс Қазақстан халқының тағы бір ерекшелігі, ХVIII ғасырдың аяғынан бастап, ел Жайықтың екі бетіне бірнеше қайтара әрлі-берлі жерсінбей көшкен. Бұл құлпытастар арқылы бір-бірінен көз жазып қалған ағайындардың шежіреде бастары қосылып, ұрпақтары бірін-бірі тауып жатыр. Ат-есімдері елге танымал адамдардың да құлпытастары белгілі болуда. Жәңгір ханнан бастап бірнеше сұлтан, билер, князьдар, старшындар, ахун, молдалардың өздері мен туысқандарының, ұрпақтарының құлпытастары табылды. Еліміздің тәуелсіздігін аңсап, ел мен жер үшін жанын пида еткен бабаларымыздың бұл дүниедегі жерленген жерлерін тауып, қоршап, келер ұрпаққа табыстау — біздердің міндетіміз. Осы мақсатта өткен жылы «Жаңақала өлкетанушыларының орталығы» құрылып, арнайы қорға қаржы салынып, көптеген жұмыстар атқарылды. Бірнеше бағытқа экспедициялар ұйымдастырылып, Жаңақала ауданы аумағындағы ескі қорымдарда тұрған құлпытастар сырын терең білуге мүмкіндік жасалды. Соның нәтижесінде Тастықұлақ елді мекені маңындағы биік төбенің басында орналасқан Қамыс-Самар қисымының 1865-1866 жылдардағы сұлтан-правителі Көшекқали Шығайұлы жерленген зираттан 5, Ескі Райым зиратынан 30, Үлкен Райым зиратынан 200, Ескіқала зиратынан 150, Байсеңгір зиратынан 134, Дөңгелек зиратынан 57, Жуалыойдағы Есен беріш қауымынан 17, Қоскөл мен Рахметшегендегі Құдайназарлар қауымынан 8, Қамыс-Самардағы Қараша қорымынан 16, Дауымшарлардың әр жердегі  қауымдарынан 23, Бекетай құмындағы Сарыбас қауымынан 13, Естеміс қауымынан 14, Текебай, Донай, Көрпебай, Қарашегендегі қауымдардан 15, Мұқыр ауылының маңындағы 3 зираттан 40, ауданның оңтүстік бағытындағы Бекетай құмының төрінде «Жұбан мешіті» елді мекенінде тұрған Жұбан ата қорымынан 1, Салтанат елді мекенінің маңынан Салтанат Қали зайыбы мен Қалмырза қажының туыстары қауымынан 8, Қызылобадағы Жангелді елді мекенінің қауымынан 2 және  ұсақ қауымдардан 136, барлығы 884 құлпытас тазартылып, көмілгендері жер астынан қазылып алынып, суретке түсіріліп, тас көлемдерінің өлшемдері алынып, мәтіні оқылып, қорымдар бойынша бөлек-бөлек альбомға салынып, электронды нұсқалары компьютерлер мен дискілерде сақталуда. Сонымен қатар көрші Атырау облысының Индер ауданының қорымдарынан 23 құлпытас оқылды.  Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов бастаған бір топ ғылыми қызметкерлердің, журналист, «DANAkaz» журналының редакторы Қазбек Құттымұратұлының  қатысуымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Бөкей ордасы ауданындағы Хан зираты қорымынан 526, Ақжайық ауданы Тайпақ өңіріндегі Кенжеқара, Базаршолан, Байшөрек, Байбарақ, Ескі Есім қорымдарынан 170, Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінің маңындағы Жантөре хан зиратынан 142 құлпытас зерттелді. Ақжайық ауданы Тайпақ өңіріндегі «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты жас өлкетанушылардың 2016 жылдың шілде айында жасаған экспедициясы көптеген тарихи құпиялардың ашылуына септігін тигізді.

Мұның сыртында Жәнібек, Тасқала, Қазталов, Қаратөбе, Зеленов, Бөкей ордасы  аудандарының аумағындағы  600-ге тарта құлпытас өңірдегі осы жұмыстардың барлығына ұйытқы болып отырған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің тапсырмасымен суретке түсіріліп, жинақталып, құлпытас беттеріндегі мәтіндер компьютермен оқылды. Сөйтіп, барлығы 2345 құлпытас Батыс Қазақстан өлкесінің бай қазынасына мұра болып қосылды.

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Жаңақала ауданының сол кездегі әкімі Лавр Хайретдиновтің қолдауымен осы кезге дейін жинақталған  құлпытастардың барлық мәтіндері мен суреттері қамтылған «Құлпытастар сөйлейді» атты кітабым Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан  жарық көрді.

«2012 жылы Жәңгір ханның құлпытасын оқып, ондағы жаңалық жөнінде облыстық «Орал өңірі» газеті арқылы елмен бөліссем, биыл жазда атақты Әбілхайыр ханның ұлы, Кіші жүздің 1797-1805 жылдар аралығындағы ханы Айшуақтың (1727-1812) құлпытасын алғаш болып оқып, анықтадым. Оның Серғазы мен Жантөре сынды қос ұлы да Кіші жүздің ханы болғаны белгілі. Осындай құнды ескерткіштер ашылғанымен, бізге беймәлім қорымдарда құм астында көміліп жатқан құлпытастар әлі қаншама десеңізші. Сондықтан ізденіс жұмыстарын жалғастыру — ортақ борыш. Елбасымыздың мақаласы зор серпін беріп отырған тұста ел үшін іс тындырудың маңызы зор», деп түйіндеді ойын Мұратбек қажы Жахатов.
inform.kz сайтынан алынды.