Home / Без рубрики / Ақсай қаласындағы рухани шара
????????????????????????????????????

Ақсай қаласындағы рухани шара

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру  мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен, Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтановтың  қолдауымен  Бөрлі аудандық мешітінің жанынан жаңадан ашылған халал асханасында «Қазақ мұсылмандығы: кеше және  бүгін»деген тақырыбы турасында рухани шара болып өтті.

Рухани шараға  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов, облыстық орталық мешіті жанындағы «Ақсақалдар» алқасының төрағасы Нәдір қажы Абдуқаев,  аудандық мәслихат хатшысы Әділхан Әпейұлы, Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы Мейрамбек қажы Абдрахманов, аталмыш мешіттің найб имамдары Қанат Жакенов пен Мейрамбек Сыдықов, мәдениет үйінің өнерпаздары, «Мұрагер» театрының әртістері,  ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелер, мешіт жамағаттары және мектеп оқушылары қатысты.

Алдымен рухани шара қасиетті құран кәрімнің оқылуымен басталды.   Орал орталық мешітінің бас имамы Руслан Тыныштықұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазретіміздің дұғай сәлемін айтып, аталмыш тақырып аясында тағылымды ойын жеткізсе, аудандық мәслихат хатшысы Әділхан Әпейұлы ақтілегін білдіріп, облыстық «Ақсақалдар» алқасының төрағасы Нәдір қажы ақбатасын берді.

Жаңадан ашылған астаханада ақжаулықты әжелеріміз шашу шашып, Мұхит Брәнов пен Алдаберген Аймахамбетов дәстүрлі әндерді орындап, нақыша келтіріп шараны қыздыра түсті. «Мұрагер» театрының әртістері «Мейірімді қыз» тақырыбы аясында сахналық  көрініс қойып, жиналған қауымға тағылымды ой тастап, мейірімділікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге шақырды. Республикамызға танымал айтыскер ақындарымыз Мұрадым Мирлан мен Элдар Ихсан жырдан шашу шашып, арқалы таланттар көрерменін тамаша өнерлерімен сусындатты. Ақындарына риза болған жұртшылық қошеметтерін тоқтатқан жоқ! Осылайша, ақындық өнердің құдіреті мен қазақтың сөзінің қасиеті көрсете білді.

Рухани шара соңыңда Бөрлі ауданы әкімі  Алдияр Сансызбайұлы атынан имандылық жолындағы игі іс жасап жүрген ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтановқа «Алғыс» хатты табыс етіп, қазақтың дәстүрімен иығына шапан жапты.

Жиналғандар ақдастархан басында салиқалы әңгімелерін айтып,  жүздері қуанышқа толы болып, көңілді тарасты.

Ендеше, елімізде рухани шаралар көп болсын, ағайын!

Нұрлан Саматұлы,

 Ақсай қаласы.