Home / Ақида / Нәсәфи ақидасы: Болмысты танып-білу жолдары (1-тарау/2-бөлім)

Нәсәфи ақидасы: Болмысты танып-білу жолдары (1-тарау/2-бөлім)

Абдусамат Қасым
«Нәсәфи ақидасы» — әһли сүннет сенім негіздеріне қатысты мәселелерді қысқа әрі нұсқа беріп өткен кітапшаның аты. Бұл кітап — қысқалығына қарамастан Матуриди ақида мектебінің негізінде жазылған «Ислам сенімі» туралы маңызды еңбектердің бірі болып есептеледі. Күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған бұл кітапқа көптеген ғалымдар тарапынан түсіндірмелер жазылды.
«Нәсәфи ақидасы» атты кітапшаның авторы — Орта Азиядан шыққан Ханафи мәзхабының беделді ғұламасы, фиқһ әрі хадис ғылымының білгірі және тәпсірші ғұлама Әбу Хафс Нәжмуддин Омар ибн Ахмәд ибн Лұқман ән-Нәсәфи әл-Ханафи. Миләди жыл санауы бойынша 1067-1142 жылдары аралығында өмір сүрді. Туып өскен жері Нәсәф қаласы (қазіргі Қарши қаласы, Өзбекстан). Кітаптың аты автор атымен байланыстырылып «Нәсәфи ақидасы» деп аталған. Яғни, «Нәсәфи жазған ақида кітабы» дегенді білдіреді.
Оқырмандардың сұранысы бойынша, осы шағын кітапқа қысқа түсіндірме беруді жөн көрдік. Алла тағала тауфиқ және хидаят нәсіп етсін. Осы кітапты баршамызға пайдалы етсін.

Болмысты танып-білу жолдары (1/2)

Имам Әбу Хафс ән-Нәсәфи (Алла оны өз рахымына бөлесін) былай дейді:

وأسْـبَابُ العِـلْـمِ للخَلْقِ ثَلاثَةٌ : الحَوَاسُّ السَّلِيمَةُ، وَالخَبَرُ الصَّادِقُ، وَالعَقْلُ.

Жаратылыстардың танып-білу жолдары – үшеу. Олар: сау сезім мүшелері (әл-хуас әс-сәлима), шынайы мәлімет (әл-хабарус садық) және ақыл-ой.

Түсіндірме:

Саналы жаратылыстардың (адам, жын, періште) болмысты танып-білу жолдары  — үшеу. Олар:

  1. «әл-Хауас ас-сәлима — ақаусыз сезім мүшелері дейміз. Мысалы, көздің жақсы көруі, құлақтың жақсы естуі т.б.
  2. «әл-хабарус садиқ», яғни, «шынайы хабар» немесе «шынайы мәлімет».
  3. Ақыл-ой. Адамның пікір жүгіртіп, қоршаған ортаны тануға тырысуы[1].

Бұл — «әһли сүннет уәл жамағат» ғалымдарының көзқарасы.

Ал, атеист философтардың пайымдауынша, болмыстарды тек сезім мүшелері арқылы ғана танып білуге болады-мыс. Өйткені, хабарлар, мәліметтер жалған болу ықтималдығы басым. Ал, таным — ол тек шынайы дәлелдермен туындайды дейді. Осылайша бір жаратушының бар екендігін, пайғамбарлардың хақтығын т.б. діни сенім-нанымдарды жоққа шығарды.

Шииттердің[2] «рафизия» тармағы болмыстар тек сезім мүшелері мен илхам (аян) арқылы білінеді деді[3].

Және де бір нәрсенің ақиқатына жету үшін «ХАБАР (мағлұмат-дерек)» қолдануға қарсы «СӘМӘНИЯ» мен «БАРАХИМА»[4] атты ағымдар шықты. Олардың пікірі бойынша, «тек сезім мүшелері ақиқатқа жетелейді. Біреудің алға тартқан дерегі не мағлұматы – күмәнді» деді. Әрине, бұндай пікір түптеп келе Ислам дініндегі «ПАЙҒАМБАРЛЫҚ» сенімін астан-кестен етері анық. Ислам негіздерін пайғамбарымыздың берген мағлұматы арқылы үйренудеміз. Пайғамбарлық сенімін жоққа шығарсақ, Ислам дінінің іргесін қазған боламыз.

 

І. Сезім мүшелері

فالحَـوَاسُّ خـمْـسٌ : السَّمْعُ، والبَصَـرُ، والشَّـمُّ، واللَّمْـسُّ، والذَّوق، وبكُلِّ حَاسَّةٍ مِنـهَا يُـوقَفُ عَلَى مَا وُضِعَتْ هِـيَ لَهُ

Сезім мүшелері (ӘЛ-ХАУАС) бесеу: есту қабілеті, көру қабілеті, иіс сезу, дәмін сезу және ұстап көру. Оның әрбірі қызметіне қарай өзіндік таным қалыптастырады. Мысалы, есту, дәм сезу, иіс сезу т.б.

Түсіндірме:

Айналадағы тіршілікті және жалпылама болмысты танып-білудің бірінші жолы – сезім мүшелері. Олар бесеу:

  1. Есту – адам мен жан-жануарлардың дыбыс толқындарын қабылдау қабілеті. Есту — құлақ арқылы жүзеге асады. Сезімтал жүйке ұштары арқылы (нервные окончания) құлақпен естіген мәлімет миға жетеді.
  2. Көру – жарық пен түсті ажыратуға бейімделген қабілет. Көру арқылы заттардың түсі, тұрпаты, қимылы, көлемі жайында ақпарат аламыз. Көру ағзасы – көз. Көзбен көрген ақпарат жүйке ұштары арқылы миға барады.
  3. Иіс сезу. Иіс сезу мүшесі – мұрын. Мұрынмен сезген иіс жайында ақпарат жүйке ұштары арқылы миға жетеді.
  4. Дәм сезу – әртүрлі дәмдерді бір-бірінен ажыратып, әрқайсысын жеке сезіне алу қабілеті. Дәм — тіл арқылы сезіледі. Тілмен сезген дәм жайында ақпарат жүйке ұштары арқылы миға барып жетеді.
  5. Ұстап көру. Ұстап көру арқылы созылуды, қысымды, температураны, құрғақтық пен дымқылдықты, қаттылық пен жұмсақтықты, суық пен ыстықты т.б. сезе аламыз[5]. Бұл жерде терінің рөлі үлкен. Теріде көптеген жүйке талшықтары, сезгіш жасушалар шоғырланған. Сондықтан тері сезім мүшесінің қызметін де атқарады. Адам тері арқылы бір заттың жанасқандығын, температураны, ауырғанды сезеді.

Осы аталмыш сезім мүшелерінің әрбірі қызметіне қарай адам санасына белгілі ақпараттар жеткізіп отырады. Мысалы, қатты заттың қатты екенін ұстап көру арқылы білеміз. Хош иістің аңқыған исін иіскеу арқылы білеміз т.б.

ІІ. Шынайы мәлімет.
Мүтәуәтір хабар

والخَبـَرُ الصَّــادِقُ عَـلَى نَوْعَينِ : أَحَدِهِمَا الخَـبَرُ المُتَواتِرُ، وَهوَ الخَـبَرُ الثــَّابِتُ على أَلْسِنَةِ قَوْمٍ لا يُتصوَّرُ تَـواطُؤهُم، عَـلَى الكَذِبِ، وَهوَ مُوجِبٌ للعِلْمِ الضَّـرُورِيِّ، كالعِلْمِ بالمُلُوكِ الخَالِيَةِ في الأزْمِنَةِ المَاضِيَةِ والبُلدَانِ النَّائِيَةِ.

Шынайы мәлімет екіге бөлінеді:
Біріншісі — Мүтәуәтір хабар. Бұл — бір нәрсені өтірік деуге өзара келісулері мүмкін болмайтын мөлшердегі көпшіліктің аузынан шыққан мағлұмат». Мүтәуәтір жолымен келген мәлімет – нақ, айқын танымды тудырады (Зарури таным). Мысалы, өткен замандағы келіп-кеткен патшалар турасында, ұзақ жерлерде орналасқан елді-мекендер жайында т.б.

Түсіндірме:

-«Шынайы мәлімет» дегенді қалай түсінеміз?

-Егер берілген мәлімет ақиқатқа сай болса, бұны «шынайы мәлімет», яғни, «әл-хабарус садиқ» дейміз. Мысалы, жердің домалақтығы жайында айтылған ақпарат – шынайы ақпарат.

-«Мүтәуәтір» дегеніміз не?

— «Мүтәуәтір» дегеннің араб тіліндегі сөздік мағынасы – бірінен соң бірі еш үзіліссіз, бірі екіншісінің ізінше келіп тұратын нәрселерді айтамыз. Мүтәуәтір — «тәуәәтәра – تواتر » етістігінен пайда болған «есімше» (исми фаъил).

-«Зәрури таным» деген не?

— Зәрури таным – естіген адамға еш дәлел керек еттірмейтін, айғақ сұратпайтын, белгілі ізденісті қажет еттірмейтін айқын таным. Мысалы, жердің домалақтығын естіген адам еш дәлелсіз бірден қабыл етеді.

Пайғамбардан жеткен мәлімет

والنوع الثاني: خبر الرسول المؤيد بالمعجزة، وهو يوجب العلم الاستدلالي، والعلم الثابت به يضاهي العلم الثابت بالضرورة في التيقن والثبات.

Шынайы мәліметтің екінші түрі — «Хабарур-расул». Бұл дегеніміз, пайғамбарлығы мұғжизамен нақтыланған Алла елшісінің берген мәліметі.  Бұндай мәлімет – дедуктивті танымды тудырады (Истидләли). Осы жолмен білінген мәлімет өзінің нақтылығымен және сенімділігімен – зәрури танымға ұқсайды.

Түсіндірме:

-«Расул» дегеніміз кім?

-«Расул» — елші деген сөз. «Расул» сөзі араб тіліндегі «байсалды», «баяу», «жұмсақ» деген мағыналарға саятын «Рисл-رِسْلُ«, «Расл-رَسْلٌ» түбірінен шыққан. Кезінде арабтар жәйлі жүрісті аруананы (бір өркешті, таза тұқымды түйенің ұрғашысы) «ناقة رِسلَة» деп атайды екен. Және әлдебіреуге сабырлылықты, қырағылықты немесе жұмсақ болуды бұйыратын кезде арабтарда «ълә рислик — على رِسْلِك» сөзі қолданып жатады.

Расулдың шариғаттағы мағынасы — Алла тарапынан жаратылысқа Жаратушының үкімдерін жеткізу үшін жіберілген кісі.

-«Мұғжиза» деген не?

-«Мұғжиза» — арапша сөз. Тілдік мағынасы «дірмәнсіз етуші» дегенді білдіреді. Алла Тағала жер бетіне жіберген әрбір пайғамбарына шынайы елші екендігін дәлелдеу үшін мұғжизалар берген. Мұғжизаның ерекшелігі – әдеттегі табиғат заңдарына қарама-қайшы және пайғамбарлардан басқа ешкімнің еншісіне бұйырмаған ғажайып, таңқаларлық нәрсе. Мысалы ретінде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айды ишарамен екіге бөлген мұғжизасын айтсақ болады.

-«Дедуктивті таным» дегеніміз не?

-Ойдың бір жалпы заңнан дербес бір көрініске көшуі, екінші түрлі айтқанда, жалпы ойдан жалқы бір ой шығару д е д у к ц и я деп аталады[6]. Бұның баламасы ретінде «кәләм ғылымында» «Истидләли-إستدلاليّ» термині қолданылады.

Басқаша айтар болсақ, ақыл жүгіртіп, ойланып, дәлелдерді зерделей келе керекті мәліметке қол жеткізуді – «Истидләли» дейді. Мысалы, «Әлем жаратылған. Әр жаратылғанның жаратушысы бар. Демек, әлемнің жаратушысы бар». Бұл жерде ақылымызды жүгіртіп, алғы шарттарды қолдана отырып, «әлемнің жаратушысы бар екеніне» көзіміз жетіп отыр.

— Бұның пайғамбармен қандай байланысы бар?

— Жоғарыда ғалым «пайғамбарлығы мұғжизамен нақтыланған…» деп айтты. Ал, енді, Жаратушының өзі мұғжиза беріп, пайғамбарлығын растап отырған болса, онда оның айтқан барлық сөзі де рас, шынайы болғаны. Ал, шынайы мәлімет – нақты әрі айқын танымды тудырады. Міне, осы жерде, біз ақыл жүгіртіп, ақли дәлелдерді тізбектеп, белгілі нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Яғни, истидләли жолмен зәрури танымды, яғни, айқын танымды қалыптастырып отырмыз[7].


[1] Тафтазани, Шархул Ъақидатин ән-Насәфия.
[2] Шииттер (араб.: شيعة‎ — топ, ағым, секта) — Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін пайда болған ағым. шииттер (шиғалар) Әли ибн Әбу Талибті Пайғамбардан кейінгі билікке ең лайықты адам санап, алғашқы халифтер болған Әбу Бәкір мен Омарды зұлымдық жасады деп айыптайды. Олар көптеген сахабаларды Мұхаммед пайғамбардан кейін Ислам дінінен қайтқан кәпір санап, сондықтан Сүннеттен жеткен хадистерді мойындамайды. https://kk.wikipedia.org/wiki
[3] Әбу Юср Мұхаммед әл-Бәздәуи, «Усулуддин», 18-бет. Каир-Мыср.
[4] Бараһима сенімі – пайғамбарлықты жоққа шығарған наным. Алланың барлығы мен бірлігіне сенеді, бірақ, пайғамбарларды мойындамайды. Олар өздерін Ибраһим пайғамбардың ұрпағымыз деп санайды. (ас-Сабуни, Бидәя.).
[5] Әбдул Мәлик Абдур-Рахман ас-Саъди. «Толкование акиды «ан-Насафия». Орыс тіліне тәржімәләған Адыгамов Рамиль Камилович.
[6] Мағжан Жұмабаев, шығармалар. http://ikitap.kz/
[
7]Тафтазани, Шархул Ъақидатин ән-Насәфия.